Өндірістік ғимараттар әуел баста өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты арнайы нормаларға сәйкес тұрғызылады. Кейін кәсіпорындағы жауапты бөлімдер өрттің алдын алуға қажетті барлық шараларды жүзеге асырып, қызметкерлер мен жұмысшыларды үнемі оқу-жаттығудан өткізіп, өрттен қорғау ережелері талаптарының орындалуын бақылауға алады. Теориялық оқытуды алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану тәжірибесімен ұштастыру өте маңызды. Сонымен қатар өрт кезінде бос байбаламға бармай, өзін қалай ұстауы да адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Бұл да оқу жаттығудың басты тақырыптарының бірі.
Ағымдағы жылдың басынан бастап 81 қызметкер, оның ішінде комбинатқа жаңадан қабылданғандар өрт-техникалық минимум бойынша міндетті оқу курсынан өтті.
Өрт-техникалық минимум курсының міндеті - оқушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарымен, кәсіпорында өртке қарсы қорғауды ұйымдастыру шараларымен таныстыру. Бұдан басқа, цехтар мен қызметтерде өрттің алдын алу бойынша күнделікті жұмыстар жүргізіледі. Яғни өрт қаупі жағдайының туындау себептерін анықтау және оны жою, жануы ықтимал алаңдарды азайту, өрт болған жағдайда адамдар мен мүлікті ойдағыдай эвакуациялау үшін жағдай жасау, туындаған өртті уақтылы анықтауды, өртке қарсы қызметті тез шақыруды және өртті сәтті сөндіруді қамтамасыз ету.
2-5 ақпан аралығында арнайы жасақталған үлгілік өрт ошағында қызметкерлерге өрт сөндіргіштерді пайдалану бойынша практикалық сабақтар өткізілді.
Қатысушыларға ОУ-5, ОУ-3 қол өрт сөндіргіштерін іске қосу тәсілдерін Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет басшысының орынбасары Жарас Баянбердиев және ЖЭО-2 Азот-оттегі станциясының басшысы Амиран Хаштыров көрсетті.
Өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша оқу-тәжірибелік жұмыстары Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің басшысы Болат Шәмшенов, ЖЭО-2 Азот-оттегі станциясының басшысы Амиран Хаштыров және Автокөлік басқармасының бас инженері Мақсат Молдақадыровтың іскерлік, ұйымдастырушылық шеберліктері арқасында жүзеге асырылды.
Жеміс Бекджанова
ОО кадрлар дайындау жөніндегі инженер