Дартстағы тартыс

Мерекелер қарсаңында кәсіпорын қызметкерлері арасындағы  жарыс Дартс спорттық ойынымен жалғасты. Аса дәлдікті, күшті қажет ететін бұл ойынға бөлімшелерден 13 командадағы 52 ойыншы қатысып, бақтарын сынады. Қызылды-жасылды дартс дөңгелектері залдың төрінде үш секцияға бөлініп бекітілді.  Әрқайсысында бір төреші мен хатшы ойыншылардың әр қимылы мен ұпайларын жіті бақылап, есепке алып тұрды. Ойыншыларға алғашқы үш соққыны дайындық ретінде жасауға мүмкіндік беріліп,  содан кейінгі үш соққы ойынға есептелді. Дартс ережесіне сай 2 метр 37 сантиметр  жерден нысананы көздеп, дротикті шеңберге қадау да үлкен шеберлікті, мәрттікті талап ететіні белгілі. Әр ойыншы өз кезегінде шеңберге бағытталған кішкентай найзаларын қажетті нүктелерге дөп тигізуге тырысуда. Арасында сілтенген дротиктері айдалаға кетіп, көрермендерді күлкіге қарқ қылып жатқандары да бар. Ойын басында жеребе тартылғанда бесінші болып алаңға шығуға тиіс болған Автокөлік басқармасының  командасына бір ойыншы жетіспей жарыс қатарынан шығып қалу қаупі туды. Бірақ, соңғы сәтте асығыс келіп жеткен жүргізуші жігіт ұжымдастарын ойыншылар қатарына алып шықты. Тіпті осы күні өткізілген Дартс ойынының «Құралайды көзге атқан «Ең мықты мергені» да осы автокөлікшілер командасынан табылды. Осы бөлімшеде  есепке алу технигі  қызметін атқаратын Амиров Бақдәулет дротикті сиқырлы шеңбердің  орталық нүктесіне  дөп қадаған бірден-бір ойыншы болды. Иә, мергендік те екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен өнер. Оған біз жарыс барысында көзіміз жетті.

Жарыс соңында көздеген нысанасынан қалт кетпеуге тырысып, барынша көп ұпай жинаған Қауіпсіздік қызметі 85 ұпаймен жүлделі 1 орынды, олардан бір ұпай кем алған Дистиллят дайындау және өндірістік жылумен және сумен жабдықтау зауыты 2 орынды, 82 ұпай жинаған Қауіпсіздік департаменті 3 орынды иеленді. Алғашқы үштіктен қалыспай өз шеберліктерін танытқан Жөндеу зауытының командасы 4-ші орынға жайғасты. Осылайша, комбинат спортшылары төл мерекелері қарсаңында өткізілген дартстағы тартысты нәтижелі аяқтады.

                                                                                               Гүлбаршын Байназарова

IMG 7107

IMG 7099

IMG 7138

IMG 7128

IMG 7108

logo_kz_s.png

МАЭК-Қазатомөнеркәсіп
2020 ж.