«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де БАҚ өкілдерінің және қалалық және облыстық мәслихат депутаттары Андрей Могилин, Оспан Қазақбаев, Дмитрий Клинчевтің және кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлерінің қатысуымен баспасөз туры болып өтті. Бұл іс-шараны ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті ұйымдастырды.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Ирина Николаевна Лоренц кәсіпорынның негізгі міндеттері мен мақсаттары туралы әңгімелеп, инвестициялық бағдарламаны іске асыруға 2019 жылы бөлінген қаражаттың игерілуі туралы ақпарат берді.
МАЭК жылдар бойы тұтынушыларды энергия ресурстарының барлық түрлерімен үздіксіз қамтамасыз етуде. Жарты ғасырдан артық жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның қалыпты өндірістік қызметін қамтамасыз ету үшін жыл бойы жөндеу, жаңарту, жаңғырту жұмыстары тоқтаусыз жүргізіледі. 2019 жылы да жылу энергиясы, ауыз су және техникалық суды өндіру тарифтеріне енгізілген және уәкілетті орган бекіткен инвестициялық бағдарламалар толық орындалды. Өткен жылы 174 076 мың теңге қаржы көлеміне ЖЭО-2 – ЖЭО-1 (II кезеңі) жылу құбыры тікелей желісінің 1 060 метрін күрделі жөндеу, 111 132 мың теңгеге жылу алмасу түтіктерін ауыстыру арқылы резервтік буландыру аппаратының қыздыратын камерасына күрделі жөндеу (ГК ВА-4 ДОУ-10), 62 471 мың теңге сомасына 22-24 км арасындағы минералды судың 653 метр магистральдық су құбырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы кезеңдегі инвестициялардың жалпы көлемі 347 679 мың теңгені құрады.
Инвестициялық бағдарламаларға енгізілген жобаларды іске асыру қызмет ету мерзімін, сондай-ақ жабдықтарды, жылу желілерінің құбырларын, ауыз су мен техникалық суды сенімді пайдалануды ұлғайтады, бұл тұтынушыларды энергия ресурстарымен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында баспасөз турына қатысушылар комбинат қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, одан әрі жөндеу жұмыстары жүргізілген нысандарды аралады.
Баспасөз қызметі