20.12.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

«Қуатты арулар» клубындағы мереке

Кәсіпорында еңбек ететін қыз-келіншектер Наурызнама мерекесі аясында бас қосып, тағлымды кездесу, соңынан ұлттық киімдер байқауын өткізді.

Бүгінгі кездесудің кейіпкерлері клубтың жаңа мүшелері, Адам ресурстарын басқару департаментінің Еңбекақы төлеу және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гаухар Жұмабекова, Әлеуметтік жәнеәкімшілік қамту қызметінің Әлеуметтік бөлімінің басшысы Таңсұлу Жакешова және осы бөлімнің маманы Анар Шамшадинова болды.  Көпшілік алдына шыққан үш кейіпкеріміз де нәзік жанды болғанмен, өңіріміздің қоғамдық саяси дамуына үлкен үлес қосып, түрлі салаларда еңбек ете жүріп, мейірлі ана, сүйікті жар атанып, үлгілі отбасының ұйытқысы болып жүрген өнегелі жандар.  

Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Экономика факультетінің түлегі Гаухар Жұмабекова саналы ғұмырын ғылымға арнады. Ғылым кандидаты өз саласындағы зерттеу жұмыстарына МАЭК қызметін мысалға алып «Экологиялық жағдайдағы есеп, аудит және талдауды ұйымдастыру» тақырыбында монография шығарған ғалым экономист. Кейін Гаухар өзінің болашақ ғылыми жұмыстарын кәсіпорында жалғастырмақ ниетпен осында қызметке орналасты. Лауазымдық жұмыстарының көптігіне қарамастан ол ғылыммен айналысуды жалғастыруда. Гаухар ханым қазірде «Теңіз балдырларын инновациялық технологиялық өңдеу арқылы органикалық тыңайтқыштарға енгізудің экономикалық тиімділігі» тақырыбындағы жаңа зерттеу жұмыстарын жүргізуде.  Гаухар Жүнісқызы жасынан жүрек қалауымен таңдаған мамандығын ерекше құрмет тұтатын және сол саладағы іс-тәжірибесін ғылыммен ұштастыра еңбек етіп жүрген жандардың бірі.

Әлеуметтік бөлім басшысы Таңсұлу Жакешованың негізгі мамандығы филолог болғанымен бүгінге дейінгі еңбек жолында орта мектептерде ұстаз, директордың орынбасары, Жаңа өзен, Ақтау қалалық әкімшіліктерінде Ішкі саясат бөлімінің басшысы, Бұқаралық ақпарат саласында бөлім басшысы, газеттің бас редакторы қызметтерін атқарған тәжірибелі маман. Ер азаматтармен қатар біраз жыл мемлекеттік қызметтің жүгін көтерген Таңсұлу осы жылдың басында «МАЭК» ЖШС-не жұмысқа ауысты. Кәсіпорынға келе жұмыскерлердің әлеуметтік мәселесін шешуге белсене кіріскен ол ел игілігі үшін аянбайтын, іскер маман екенін көрсетті.

Анар Шамшадинова Қазақ мемлекеттік университетін журналистика және парсы тілінің аудармашысы мамандықтары бойынша тәмамдаған. Ол шебер ақын, журналист қана емес, сонымен қатар қоғам белсендісі ретінде де танымал тұлға. Ол баспасөз саласынан бөлек «Аманат» партиясы қалалық ұйымының төрағасы қызметін атқарып, халық игілігі жолындағы жаңа бастамаларды жүзеге асыруға атсалысты. Анар облыстағы дарынды жастар мен жас ақындарды қолдайтын «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.  Ол 2021 жылы Мәдениет және ақпарат Министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» белгісімен, 2022 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен, ал осы жылдың ақпан айында Дүниежүзілік мемлекеттік емес ұйымдар күні қарсаңында облыстық Мәслихаттың шешімімен «Азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Қазірде Анар облыстағы ең ірі кәсіпорын «МАЭК» ЖШС-де еңбек етуде.

Кездесуде сөз кезегін алған «МАЭК» ЖШС Басқарма мүшесі – Бас директордың экономика мәселелері жөніндегі орынбасары, «KAZENERGY» Әйелдер энергетикалық клубының төрағасы Айзада Аққайсиева қатысушыларды наурыз мерекесімен құттықтап, қонақтарға тағылымды, әсерлі әңгімелері үшін алғысын жеткізді.

Мереке соңында Ұлттық киімдер байқауы өткізіліп, оған 30-ға жуық тақиялы қыздар, кимешекті келіншектер, ақ жаулықты әжелер қатысты. Ұлттық киімнің небір үлгісін сахна төрінде көрсеткен арулар арасында Камшат Бауыржанова (БН-350 РҚ), Ардақ Сағынбаева (БН-350 РҚ), Маргарита Лопаткина (БӨҚжА), Набат Ілиясова (ЖЭС), Роза Түбекбаевалардың (ЖЭО-2) ұсынған ұлттық киім үлгілері жеңімпаз атанды.