30.04.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Қош келдің, Әз-Наурыз !

«МАЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көпұлтты ұжымы Наурыз мерекесін  көтеріңкі көңіл күймен, бар сән-салтанатымен атап өтті. Таңда жұмысқа келген қызметкерлерді әріптестері үстіне  бауырсақ пен шұбат қойылған ақ дастарханмен қарсы алды.

Мерекеден мерекеге ұласатын көктемнің алғашқы айы биыл қасиетті ораза айымен де тұспа-тұс келді. Аузы берік ағайынның алдына тағамға  толы дастархан жаймас үшін биыл ұйымдастырушылар  кәсіпорынның орталық алаңына екі үлкен киіз үй тігіп, ішіне шағын дастархандар жаюды жөн санады. Буы бұрқырап ет қайнап, палау пісіп жататын тайқазандар да көп емес. Мұның бәрі қасиетті  Рамазан айына деген құрмет.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты мерекелік салтанат Ақпараттық-әдістемелік орталық залында басталды. Алдыменен сөз алған кәсіпорынның Бас директоры Қайрат Рахимов ұжым қызметкерлеріне   «Наурыз жыл басы, жаңару айы. Ендеше, біздің кәсіпорынның да жаңарып, жаңғыра беруін тілеймін. Баршаңыздың ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын. Жаңа жыл жақсылығымен келсін!» деген ақ тілегін арнады.

Мереке қонағы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Әбдалиев қала тұрғындарын қажетті өмірлік ресурстармен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, наурыз мерекесімен құттықтады.

Одан әрі комбинаттың өнерлі жастары сахна төрінде ән-жырдан шашу шашып, тыңдарманның көңілін көтерді. Мерекелік шара ұлттық киімдер байқауымен жалғасты. Сайысқа қатысушылардың көптігі сондай, әділқазыларға жеңімпаздарды таңдау оңай болмады. Даладағы сіркіреген жаңбырға қарамастан жігіттер арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу және қол  күресінен жарысқа түсті.    

Мереке соңында барлық жеңімпаздар кәсіпорын басшылығы атынан Алғыс хаттар және  арнайы сыйлықтармен марапатталды.