Соңғы жылдары Ақтау қаласының көлемі кеңейіп, жаңа шағын аудандар мен жаңа тұрғын үйлер бірінен соң бірі бой көтеруде. Соған орай қалада тұтынушылардың да саны артып, су, жылуға қажеттілік ұлғайды. Жылдар бойы жұмыс істеп, ескірген қондырғылардың бұл сұранысты толық қамтуы мүмкін емес екені белгілі. Сол себепті кәсіпорынның өндірістік әлеуетін көтеріп, жаңа қондырғылар орнату мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынуда.
Жақында Қазақстанның Израильдегі елшісі Сатыбалды Бұршақов суды тазарту саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын «IDE Technologies» израильдік компаниясына іссапармен барып, жұмысымен танысты. Кездесуде компанияның вице-президенті Михаел Трэмер қазақстандық дипломатты компанияның су тұшыту қондырғылары мен өнеркәсіптік су тазарту құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану жөніндегі мүмкіндіктерімен таныстырды. Осы келіссөздердің нәтижесінде «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС (МАЭК) делегациясының Израильге сапары ұйымдастырылды.
Компания басшылығымен кездесуде тараптар теңіз суын тұшыту технологиялары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді, сондай-ақ тұшыту қондырғыларын пайдалану бойынша тәжірибелерімен алмасты. Қазақстандық делегация кері осмос технологиясы бойынша жұмыс істейтін Хадера қаласындағы «IDE Technologies» тұзсыздандыру кешенінің өндірісімен танысты.
Кездесу барысында «МАЭК» ЖШС Бас директорының орынбасары А.Үйкекбаев израильдік компаниядан бұдан бұрын сатып алынған тұшыту қондырғыларын пайдалану кезіндегі оң тәжірибелерді атап өтті. Өз тарапынан израильдік компания Маңғыстау облысы әкімдігінің жобасы бойынша халықтың мұқтаждықтары үшін қуаттылығы тәулігіне 24 мың м3 ауыз су тұшыту жабдығын жеткізуді ұйымдастыруға ниет білдірді. Тараптар өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі де жалғастыруға келісті.
Қазіргі уақытта «МАЭК» ЖШС аумағында екі су тұшыту қондырғысын салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі шешілуде. Құрылысты 2023-2024 жылдары жүзеге асыру жоспарлануда.