«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық Атом компаниясының 25 жылдығы аясында «МАЭК» ЖШС БН-350 РҚ-да ұзақ жыл еңбек еткен атом өнеркәсібі саласының ардагерлері «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ-на 25 жыл» мерейтойлық белгілерімен марапатталды. 2003 жылдан 2019 жылға дейін Маңғыстау энергокомбинаты уран өндіру және сату бойынша көшбасшы болып табылатын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК құрамында болды. Осыған байланысты энергетикалық кәсіпорында ұзақ жылдар жұмыс істеген атом өнеркәсібінің 24 ардагері ұлттық атом компаниясының жоғары марапаттарына ие болды.
Ардагерлерге төс белгілерін Бас директордың өндіріс және БН-350 РҚ бойынша бірінші орынбасары Мұрат Иғалиев табыстады.
Кездесу барысында атом өнеркәсібінің ардагерлері өздерінің комбинатта еңбек еткен жылдарын, қандай маңызды, тарихи жұмыстар жүзеге асырылғанын еске алды, «МАЭК» ЖШС қызметкерлері мен басшылығына кәсіпорынды жаңғырту жөніндегі жоспарлары сәтті жүзеге асып, табысты болсын деген тілегін арнады.
«Сіздерге Қазақстанның атом энергетикасының қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесіңіз, көп жылғы еңбегіңіз үшін алғыс айтамыз. Бүгінде біздің еліміз уран өндіру бойынша әлемде көшбасшы орында тұр. Сіздердің Маңғыстаудағы атом өнеркәсібінің қалай басталғанын әлі күнге дейін есте сақтап, бізге тарихи деректермен әңгімелеп отырғаныңыздың өзі қуантады. Құрметті демалысқа шықсаңыздар да сіздер реактор қондырғысын пайдаланудан шығару мәселелеріне қызығушылық танытып, осы саланың ардагерлері ретінде бізге үнемі ақыл-кеңес беріп отырасыздар. Сол үшін Сіздерге үлкен рахметімді арнаймын, зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілеймін»,- деді БН-350 РҚ директоры Марат Молдағұлов.