19.04.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Мерекеден  мерекеге

15 желтоқсанда «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төл мерекелерін Тәуелсіздік күнімен бірге атап өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, комбинат қызметкерлері мен еңбек  ардагерлерін қос мерекемен құттықтады. Сонымен қатар салтанатты шараға өңірдегі барлық коммуналдық мекемелердің басшылары, қоғам белсенділері, облыс депутаттары, энергетика саласының ардагерлері мен «МАЭК» кәсіпорнының қызметкерлері қатысты.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев кәсіпорын  қызметі және мұндағы мамандардың мол тәжірибесінің маңыздылығын ерекше атап  өтті.

- Энергетика - бүгінгі таңда жаңа заман өмірінің күре тамырына айналды. МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» - өңірлік экономиканың дамуында ең маңызды орын алатын  стратегиялық кәсіпорындардың бірі. Комбинат қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен тәжірибелі мамандарының тынымсыз еңбегінің арқасында өңіріміздегі өндірістік және әлеуметтік маңызды объектілер тұрақты қызмет етуде. Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің нәтижесінде біздің үйлеріміз жарық әлі жылы. МАЭК қалыптасуының 55 жылдық тарихы Маңғыстау облысының тұрақты дамуымен тығыз байланысты. Бүгінде өңірдің серпінді дамуы және халық өсімінің жоғары қарқын алуы комбинат пен коммуналдық инфрақұрылымның қуаттарын жаңарту мәселесін біздің алдымызға өткір қойып отыр. Жақында Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді дамытудың жеті бағытын атап көрсетіп, облысты трансформациялаудың басымдықтарының бірі Маңғыстау облысының сумен жабдықтау жүйелері мен инженерлік инфрақұрылымдарын жаңғырту, Ақтау және Жаңаөзен қалаларын дамыту болуға тиіс екендігіне ерекше тоқталды, - деді аймақ басшысы.

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін  «МАЭК» ардагерлері мен қызметкерлерін «Еңбек ардагері» медалімен, ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Мереке соңы кәсіпорын өнерпаздарының концертіне ұласты.