Жылу электр станциясы аумағында болған өрт ошағы 1-маусымға қараған түнгі сағат 02.12-де жойылды. 31 мамыр күні түнде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Жылу электр станциясы аумағындағы тарату құрылғысында (Трансформатор AT-1) өрт шығып, жалын жанындағы резервуарға қарай ұласқан. Өрт алаңы 600 шаршы метрді құрады. Сағат 21.42-де ТЖД пультіне келіп түскен шақырудан кейін өрт сөндірушілер дереу айтылған нысанға келіп жетті. Өртті сөндіруге барлығы 110 адам қатысты, оның ішінде облыстық ТЖД 89 қызметкері, МАЭК мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 11 қызметкері, облыстық полиция департаментінің 6 қызметкері, Апаттар медицинасы Орталығының 4 қызметкері, 27 бірлік техника жұмылдырылды. Қазірде өрттің тұтану себептері анықталуда.
«Оқиға салдарынан зардап шеккендер болған жоқ. Өрттің қайта тұтану ықтималдығы жоқ. Орын алған өрт жағдайының өңірді энергия ресурстарымен - сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге әсері болмайды. Кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеуде», - деді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Мұрат Иғалиев.
Фото: mangystaumedia.kz.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС баспасөз қызметі