20.12.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Депутаттық топ МАЭК басшылығымен кездесті

Соңғы кездері қоғамда кеңінен талқылауға түсіп жүрген энергетика нарығында қалыптасқан жағдай мен коммунальдық қызметтерге тариф қалыптастыру мәселелері бойынша Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары  Аббат Өрісбаев, Аят Сүгірбай  және  қоғам белсендісі Киікбай Медеуов МАЭК кәсіпорнының Бас директоры Талғат Есентүгеловпен кездесу өткізді.

Депутаттар өздерін толғандырып жүрген мәселелер – тұтынушылардың өндіріс орнына қордаланған қарызы және оны өндіру жолдары, коммунальдық қызмет тарифтерінің қалыптасуы, кәсіпорынның қоғам алдындағы ашықтығы, т.б. көкейде жүрген ойларын ортаға салып, алдағы уақытта комбинаттың қалыпты жұмыс жасауына қажетті жағдайлар туғызуға көмектескісі келетіндігін білдірді.

Өз кезегінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Бас директоры Талғат Арыстанұлы депутаттар мен қоғам белсендісін комбинаттың электр энергиясы мен ауыз су өндірісінің жәй-күйімен таныстырды.

«МАЭКтің  қуаты 1330 МВт деп белгіленгенімен бүгінгі мүмкіндігі 890 МВт құрайды, ал, биылғы қыс пен жаз мезгілінде тұтыну көлемі 700 МВт деңгейінде болды. Айтып жүргеніміздей қолда бар жабдықтардың тозуы  78 пайызға жеткен, бізге қойылған негізгі тапсырма соларға жөндеу жүргізіп өндірістік кшеннің тиімділігін арттыру. Алайда, осы мақсатқа қажетті 38 миллиард теңгеге Нарық кеңесіне берген өтінішіміз қабылданбады. Алдымызда 2030 жылға дейін бес инвестициялық жұмысты игеру міндеті де тұр. Солардың ауқымдысы өкілетті мекемемен (ҚР Энергетика министрлігі) инвестициялық келісім жасау арқылы ЖЭО-2 аймағына 139 МВттық газтурбинасын салу.  Оның негіздемесі жасалуда, қажетті қаражатқа Нарық кеңесіне өтініш бермекшіміз.

 Сондықтан алдымызға қойылған міндеттерді орындау  үшін қаражат табудың басқа жолдарын іздестіріп, инвесторлар тартпақшымыз.  Өкінішке орай мемлекеттік сатып алу заңының қатаң талаптарына сәйкес мұның да қиыншылықтары қол байлауда.

Ауыз су мәселесіне тоқталар болсақ, біздің кәсіпорын тәулігіне 52 мың текше метр су дайындау мүмкіндігіне ие. Бірақ ол аз. Қала өсіп келеді, тұтыну көлемі де көбеюде. Биыл облыс әкімдігі тәулігіне 24 мың текше метр су өндіретін тағы екі қондырғыны сатып алып орнатуды қолға алды. Біз өз тарапымыздан жобалық-сметалық құжаттар даярлауға көмектесіп, орнатылатын орнын белгіледік. Қондырғы салынған соң әкімшілік оны пайдалануды бізге тапсыратын болды. Мамандар бар, оның жұмысын үйлестіруде аса бір қиыншылықтар болмайды».

Тұтынушылар тарапынан коммунальдық қызметтер бойынша қалыптасқан қарыздар және оны өндіру шаралары туралы Бас директордың кәсіпорынды дамыту жөніндегі орынбасары Мұрат Жаубайұлы Иғалиев ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша алғашқыда бұл қарыз 12 миллиард теңге көлемінде болған. Кәсіпорын тарапынан қолға алынған шаралар нәтижесінде оның көлемі бүгінгі таңда 8,6 миллиардқа дейін төмендеген. Атап айтқанда ең көп қарыз болған «Альянсэнергоснаб» ЖШС, «Электр желілері» ЖШС сияқты энергиямен жабдықтаушы мекемелер. Бастапқыда «AllianceEnergoSnab» ЖШС мен оның «AllianceEnergoSnab-Актау» бөлімшесімен  тұтынушылардың түрлі топтарын электрмен жабдықтау жөнінде төрт келісім шарт жасаған болатынбыз.  Тамыз айында МАЭК 1 қыркүйектен бастап екі келісім шартты бұзатындығы жөнінде Альянсты хабардар етті, қыркүйектің соңына қарай қалған екі келісімшартты да тоқтататындығын мәлімдеді.  Жалпы кәсіпорын тарапынан алынып жатқан шаралар тек заң шеңберінде атқарылып жатыр.

Бюджеттік мекемелер тарапынан 150 миллион теңге көлемінде қарыз болған, ол қазір 18 миллион теңгеге дейін азайды. Мемлекеттік коммунальдық кәсіпорындар тарапынан 2 миллиард теңге қарыз бар, олармен де тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Өз кезегінде депутаттар МАЭКтің қалыпты жұмыс жасауы үшін аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып Қазақстан Республикасының «Электр энергетикасы туралы» заңға өзгерістер енгізіп, электр энергиясын өндіруші кәсіпорынның өз өнімін тұтынушыларға тікелей сатуына, өндірістік кәсіпорынның өз табысын өзі реттеп пайдалануына мүмкіндік туғызу, т.б. мәселелер жөнінде облыс әкіміне депутаттық сауал жолдағандарын, бұл әрекеттерін одан әрі жалғастырып, республика парламентінде көтеру ойлары бар екендігін ортаға салды. Кездесу барысында екі жақ ортақ мәмілеге келіп, осы мәселелер жөнінде жұмысшы тобын құрып, әрі қарай бірлесе қимыл жасауға келісті.

Жиын соңында Талғат Арыстанұлы депутаттар мен қоғам белсендісіне кәсіпорын тағдыры үшін алаңдаушылық білдіргендері үшін алғыс айтты.

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС баспасөз қызметі