24.04.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Қолөнершілер байқауы

Қыркүйек айында Ақпараттық әдістемелік орталық ғимаратында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының күніне арналған Сән және қолданбалы өнер шығармашылық көрмесі өтті. Көрме кәсіпорынның көптеген қызметкерлерінің тек мықты мамандар ғана емес, шын талантты жандар екенін де көрсетті. Сондықтан да болар шараны  ұйымдастырған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» Жергілікті кәсіпорны мен комиссия мүшелеріне 70 автор ұсынған  112 қолөнер бұйымдарын бағалау оңайға соққан жоқ. Көрмеге ұсынылған туындылар сән және қолөнердің тоқу, кескіндеу, тігу, киіз басу, қағаздан қию, моншақтармен өріп жасау сияқты түрлі техникаларын қолдана отырып жасалған.

Қазылар алқасы ұсынылған бұйымдарды бірегейлігі, сапасы, безендірілуі, көркемдік деңгейінің ерекшелігіне қарай бағалап, көрме жеңімпаздарын анықтады.

Дауыс беру нәтижесінде бірінші орынды киізден жасалған «Сауысқан» бейнесін ұсынған  Ольга Козева (ДҚЦ) иеленді. Ольга ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекеленген жылы этноауылда өткен ылғал жүннен киіз дайындау шеберлігі сабағына қатысып,   осы әдіспен бұйым жасау техникасын меңгеріп алған болатын. Нәтижесінде бұл Ольганың бос уақытында айналысатын сүйікті ісіне, хоббиіне айналды, көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындар да алып жүр.  

Екінші орын «Тұғырлы шаңырақ» тақырыбындағы  мағыналы жұмысын әкелген Нұржан Романовқа (ҚҚ) берілді, үшінші орынды «Жазғы гүл шоғы» деп аталатын тоқылған картинаның авторы Ағзия Рамазанова (ЖЭО-2) мен «Бүлдіршіндердің тоқыма киімдерін» ұсынған Рената Ухоботова (ЖжҚСЦ) бөлісті.

Ал көрмеге келушілердің көпшілігі өз дауыстарын және «Көрермендер көзайымы» жүлдесін Елена Канфазарованың (ДӨжӨЖСЖЗ)  ағашты ойып жасаған «Шахмат» туындысына берді.

- Биылғы байқауға да біздің кәсіподақ мүшелері өте көп қолөнер бұйымдарын әкелді. Көрмеге келген көрермендер біздің қолөнершілер жұмыстарын жоғары бағалап, кейбір ерекше туындылар авторларының шеберліктеріне таңданыстарын жасырмады. Жылда өткізілетін осындай байқауларда біз МАЭК қызметкерлерінің жан-жақты маман әрі талантты жандар екенін көреміз. Біз де олардың жеке шығармашылығын қолдап, үнемі ынталандырып отыруға тырысып келеміз, - дейді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖК ҚБ төрайымы Ольга Шабунина.

Байқау қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздарға сыйлықтар сертификаттары табысталды.

           

                                                                                                          Гүлбаршын Байназарова