17 қыркүйекте «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Ақпараттық-әдістемелік орталығының конференц-залында Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің өкілдері кәсіпорынң бөлімшелері мен департаменттерінің басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында азаматтардың ұлттық санаққа қатысу мәселелері, онлайн режимінде санақ парақтарын толтыру кезінде туындайтын қателер талқыланды.
- 1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz. сайтында халық санағынан онлайн өтуге болады. Санақ парағы 91 тармақтан тұрады, оның ішінде білім, тілдерді білу, қызмет саласы, табыс мөлшері, коронавирустық инфекциямен ауыру дерегі, тұрғын үй иелерінен оның жағдайы туралы, тек әйелдер үшін балалары туралы және Қазақстаннан тыс жерлерге кеткен немесе елге келген адамдарға арналған сұрақтар бар?
Санақ парақтары халықаралық ұйымдардың ұсыныстары мен ұсынымдарына сәйкес жасалды, тиісті министрліктермен келісілді, - деді Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті басшысының орынбасары Алтыншаш Исламова.
15 қазанға дейін sanaq.gov.kz. сайтында кез келген уақытта өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтырып онлайн санақтан өтуге болады. Онлайн-режимде санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін ағымдағы жылдың 1 қазаны мен 30 қазаны аралығында дәстүрлі аула аралау жұмыстары жүргізіледі.
Қажетті санитарлық нормаларды сақтау үшін интервьюер ара қашықтықты сақтай отырып, тұрғындардан алынған деректерді электрондық планшет арқылы арнайы мобильді қосымшалардың көмегімен жалпы дерекқорға тікелей жібереді.
Мемлекеттік орган сарапшылары халық санағының қорытындысы үй шаруашылықтарының жағдайын, неке-отбасы қатынастарын, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту, сондай-ақ білім беру, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдер қабылдау жөніндегі нысаналы мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге ықпал ете отырып, соңғы 10 жылда Қазақстанда болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді деп атап өтті.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС баспасөз қызметі