20 шілдеде қазақстандықтар ислам дініндегі басты мерекелердің бірі - халық мәдениетінің бір бөлігіне айналған әрі біздің өмірімізде орны бөлек қасиетті Құрбан айт мейрамын қарсы алды.
Айт мерекесі Ораза аяқталғаннан кейін 70 күн өткен соң тойланады және қасиетті Меккеге қажылықтың аяқталғанын білдіреді. Бұл күн Ай күнтізбесіне сәйкес тағайындалады және соған орай айт күні де өзгеріп отырады. Құрбан айт түркі тілінен «құрбандық шалу мейрамы» деп аударылып, Аллаға рухани жақын болуға, әрбір адал адамды парызын өтеуге, мұқтаждарға қамқорлық жасауға үндейді.
Мереке күні ренжіскен туыстары мен достарынан кешірім сұрасып, татуласып, дұғамен уақыт өткізу маңызды. Барлық салт-жораларды орындағаннан кейін мерекелік дастарханға жиналып, туған-туыстарына, көршілері мен достарына «Құрбан айт қабыл болсын!» деп жүрекжарды тілектерін арнайды. Құрбандыққа шалынған малдың еті үш бөлікке бөлініп, мұқтаж адамдарға, отбасына, туыстары мен көршілеріне таратылады.
Өкінішке орай, өткен жылдан бері пандемия мерекедегі қоғамдық шараларға да бірқатар шектеулер енгізуге мәжбүрледі. Covid-19-ның тез таралуы аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды нашарлатып, халықтың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірді.
Биыл құрбандық шалу екі жолмен жүзеге асырылуда.
Біріншісі, санитарлық ережелерге қатаң сәйкес офлайн форматта әкімдіктер арнайы бөлген қасапханаларда күніне екі рет дезинфекция, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықтың сақталуын бақылау арқылы ұйымдастырылған. Екінші нұсқада онлайн құрбандық шалу https://qurban2021.kz/ru/ сайты арқылы жүзеге асырылуда. Құрбан айттың өзі 20-22 шілде аралығында онлайн форматта тойланады. Айт намазы 20 шілде күні сағат 07:00-де мешіттер аулаларында санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, ашық ауада өтеді. Жабық үй-жайларда ұжымдық діни іс-шаралар өткізуге тыйым салынады.
Құрбан айт мерекесі басқа діни мерекелер сияқты қоғамның рухани-адамгершілік негіздерін нығайтуға бағытталады. Бұл күні адамдар бір-бірін өзара қолдап, қайырымдылық шараларын өткізіп, имани игі істерді жүзеге асырады.
Қазіргі жағдайда азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығы бірінші орынға қойылуы тиіс. Өйткені, мына індет жеке адамдардың ғана емес тұтас елдің қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Өңіріміздің бас санитарлық дәрігері халыққа арнаған сөзінде Құрбан айт мейрамын шағын отбасылық шеңберде өткізуді, барлық байланыстарды барынша азайтуды, бұқаралық іс-шараларды адамдар көп жиналатын орындарда ұйымдастырмауды және ондай жерлерге бармауды ұсынды.
Комбинат қызметкерлерін Құрбан Айт мерекесімен құттықтаймыз! Жанұяларыңызға амандық, бақыт пен бірлік тілейміз! Осы мерекеде барлық ізгі тілектеріңіз бен арман, мақсаттарыңыз орындалғай!