Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының сарапшылары өңірдің бірқатар өндірістік және өнеркәсіптік нысандарын аралады.
Орталық делегациясы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС инвестициялық тартымдылығын зерттеу мақсатында кәсіпорынға келіп, қызметімен танысты. Пайдалану департаментінің директоры Сәбит Желкушинов қонақтарға облыс және Ақтау қаласы тұтынушыларын энергия ресурстарымен және сумен қамтамасыз ету бойынша кәсіпорынның ағымдағы жұмыстары туралы баяндап, өндірістік кешенді жаңарту жөніндегі жоспарлармен таныстырды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы 5 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылды. Қаржы орталығы инвестициялау үшін тартымды орта құру, бағалы қағаздар нарығын, сақтандыру, банк қызметтерін, исламдық қаржыландыруды, қаржылық технологияларды, электрондық коммерцияны, инновациялық жобаларды дамыту арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдем көрсете отырып, бизнес пен қаржының өңірлік орталығы ретінде негізгі рөл атқарады.
- Біздің міндетіміз – өңірдің бүгінгі экономика жағдайымен танысып, қаржылық қолдау шарттарын түсіндіру, сондай-ақ инвесторлар арқылы іске асыруға жоспарланған жобалардың тартымдылығын бағалау және оларды іздестіруге және тартуға көмек көрсету, бұл ретте заманауи, бәсекеге қабілетті және тиімді технологияларға басымдық беріледі, - деді «Астана» АХҚО Әкімшілігі Басқарма Төрағасының кеңесшісі Болатбек Қуандықов.
Кездесу соңында тараптар екі компания арасындағы әріптестік қарым-қатынастарды нығайту бойынша ұсыныстар алмасуға келісті.
Гүлбаршын Байназарова