19.04.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Чернобыль АЭС-індегі апатқа 35 жыл

1986 жылғы 26 сәуірде Чернобыль атом электр станциясының төртінші энергоблогында кенеттен алапат апат орын алды. Бейбіт күнде талай жанды құрбаны қылған осы апатта 190 тонна радиоактивті заттар ауаға таралып,  адамдар мөлшерден 90 есе көп сәулеленуге ұшыраған.  1986-1989 жылдар аралығындағы апат салдарын жоюға 36 000 қазақстандық қатысса, оның 2500-і маңғыстаулықтар еді. Бұл атом энергетикасы тарихындағы ауқымы бойынша ең ірі техногендік апат болды.

Сол жылы біздің кәсіпорынның 56  қызметкері де апат салдарын жоюға аттанған еріктілер қатарында Украина еліне аттанған болатын. Чернобыль АЭС-гі апатты жоюға қатысқан Хайруллин Альберт Мударисович, Соколов Дмитрий Михайлович, Таджиев Абай Дусенбайұлы кәсіпорында бүгінгі күнге дейін еңбек етуде. Апатты жоюға атсалысқан қызметкерлердің біразы зейнетке шықса, біразы өмірден өтті.

Радиациялық технологиялық және техникалық диагностика орталығының металдар зертханасының басшысы Дмитрий Михайлович Соколов 1975 жылы түбекке жолдамамен келіп, кәсіпорында алғашқы еңбек жолын  бастады. Міне, содан бергі 46 жыл ғұмырын комбинаттың өсіп, өркендеуі мен халық игілігіне қызмет етуге арнады.

- Бізді комбинаттағы ұжымдастарыммен бірге Чернобыль АЭС-не көмекке жіберген кезде мен 29 жаста едім. Ол кезде мен Орталық зауыт зертханасының радиациялық бақылау және қоршаған ортаны қорғау тобында дозиметрист болып жұмыс істейтінмін. Біз ол жаққа өз жұмысымыздың қыр-сырын білетін білікті мамандар ретінде бардық. Менің міндетім жұмыс персоналын тексеру және оларды 4-ші блокқа жіберу болды, тәулігіне 12 сағаттан жұмыс істедік. Әрине, сондай радиациялық лас жерде жұмыс істеудің салдары қандай болар екен деп уайымдағанымыз рас. Мүмкіндігімізше, тәртіпке бағынып,  қауіпсіздік техникасын сақтауға тырыстық. Менің бірге барған әріптестерім де тәжірибелі, білікті мамандар болды. Өз міндеттерімізді абыроймен орындап, елге оралдық. Апат аймағында болғаныммен, денсаулығым айтқандай зиян шеккен жоқ. Зайыбым екеуміз бақытты ғұмыр сүріп, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Олардың біреуі комбинаттың Жөндеу зауытында инженер болып жұмыс істейді. Тәп-тәтті немерелерімізді қызықтап, бұйырған қызығымызды көріп жатырмыз. Ал   МАЭК-ке, ұжымыма алғысым шексіз, бүкіл саналы ғұмырым, еңбек жолым осында өтіп жатыр. Осы жерде білікті, кәсіпқой маман болып қалыптастым. Жауапты қызметтер атқардым, жас мамандарға тәлімгер болдым. Елу жылдық тарихы бар комбинатыммен бірге жасасып келемін, - дейді Дмитрий Михайлович.

Гүлбаршын Байназарова

Cоколов                                                                                                     

Суретте: Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушылар

Рыжкова Раиса Васильевна және Соколов Дмитрий Михайлович