28.03.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Ауған соғысы құрбандарын еске алды

Ақтау қаласы орталығында Ауған соғысы боздақтарын еске алу шарасы болып өтті. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 32 жыл толып отыр. Бұл соғысқа 22 269 қазақстандық қатысып, 924 сарбаз ерлікпен қаза тапты, 1015 сарбаз мүгедек болып оралды, 21 адам хабар-ошарсыз кеткен. Ал Маңғыстау облысынан жат елдегі соғысқа  444 жауынгер аттанып, олардың 8-і ұрыс даласында қаза тапты. Бейбіт елде өмір сүріп, бірақ соғыс ардагері атану маңдайына жазылған 16 азамат «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің түрлі бөлімшелерінде еңбек  етеді.

Атаулы күні облысымыздың тұс-тұсынан келген ауған ардагерлері алдыменен «Мәңгі от» ескерткіші жанына жиналып, Ұлы Отан соғысынан оралмаған  жауынгерлердің құрметіне тағзым етті, гүл шоқтарын қойды. Одан соң ардагерлер соғыс құрбандарын еске алу аллеясымен жүріп өтіп, Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткішке келіп гүл дестелерін қойды, боздақтарға арналып құран бағышталды.

Салтанатты шараға соғыс ардагерлерімен бірге облыс, қала әкімдігінің басшылары, қала тұрғындары мен студенттер және ауған соғысынан оралмаған жерлестеріміздің туған-туыстары қатысты. Кәсіпорынның Өндірістік қауіпсіздік департаментінің  қызметкері Наталья Толкишевская жыл сайын 15 ақпан күні Ауған соғысы ардагерлерімен бірге жұбайы Александр Толкишевскийді еске алуға келеді.  Александр сұрапыл соғыстан аман келгенмен қайғылы оқиға салдарынан өмірден өтті. «Аман болса жауынгер достарымен бірге марқұм болған қаруластарын еске алуға келер еді. Бірақ, өкінішке орай, сүйген жарымның ғұмыры ұзақ болмады. Мен оның орнын жоқтатпайын деп осы мерекеде соғыс құрбандарын еске алуға келемін» дейді Наталья.

 - Құрметті Ауған соғысының ардагерлері! Сіздер өздеріңіздің жауынгерлік борыштарыңызды адал атқарып, елге абыроймен аман-есен оралдыңыздар. Көптеген қазақстандық жігіттер сол  ұрыс даласында  ерлікпен қаза тапты. Бүгін біз жат жердегі қырғи қабақ соғыста көз жұмған ағаларымыздың рухына бас иіп, тағзым етеміз. Бүгінгі өткізіліп отырған шараның маңызы өте зор. Отанға қажет кезде жауынгерлік саптан табылған батырларымыздың өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге,- деді  жиналғандар алдына сөз алған Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов.

- Маңғыстау облыстық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Байрам Мамедов қаруластарын құттықтап, елге оралмаған жауынгерлердің туыстарына арнайы мерекелік медальдар табыстады. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесі атынан бірнеше кәсіпорындардың өкілдері және ардагерлер Алғыс хатпен марапатталды. Олардың қатарында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Кәсіподақ ұйымының  төрайымы Ольга Шабунина да бар. Кәсіпорын және кәсіподақ басшылығы жыл сайын комбинатта қызмет ететін ауған соғысы ардагерлерін құттықтап, сыйақы тағайындап, одан соң мерекеге қатысты барлық  қалалық шараларға белсене араласады.

Мерекелік салтанатта Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық ұйымының төрағасы Нұрлыбай Қонақбаев, Ауғанстан елінің экономикасын көтеруге атсалысқан ардагер Меңдеш Салихов мереке иелерін құттықтап, оларды жас ұрпаққа  патриоттық тәрбие беруге,  еліміздің болашақ қорғандарын Отансүйгіштікке баулуға   шақырды.   

Гүлбаршын Байназарова