Жақында кәсіпорын бөлімшелерінің басшылары мен жауапты қызметкерлері жылдың қорытынды мәжілісінде өнеркәсіптік қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша персоналдарды оқытудағы өзекті мәселелерді талқылады.
Комбинаттың Оқу орталығы өзінің құрылған күнінен бастап 9 ай ішінде персоналды даярлау процесінде туындайтын мәселелердің проблемалық шеңберін анықтау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізді.
Ағымдағы жылдың 9 айында Орталықта 2660 жұмыскерге - кәсіпорын мен құрылымдық бөлімшелердің бірінші басшыларына, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі мен ҚжЕҚ үшін жауапты тұлғалар мен мамандарға, қызметі технологиялық процеспен, жарылу-өртену қаупі бар және өрт қаупі бар өндірістік объектілермен тікелей байланысты қызмет ететін жұмыскерлерге оқулар ұйымдастырылды. Оның ішінде, өнеркәсіптік қауіпсіздік негіздеріне 1463 адам, өрт қауіпсіздігі негіздеріне - 1156, ҚжЕҚ - 41 қызметкер оқытылды. Өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздіктері саласында өз білімдерін табысты қорғаған қызметкерлерге оқу орталығының арнайы куәліктері, ал Қауіпсіздік және еңбек қорғау сабақтарынан өткендерге сертификаттар берілді.
Басқосуға қатысушылар өнеркәсіптік қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі және ҚжЕҚ бойынша оқыту нәтижелерін талқылады, сонымен қатар Оқу орталығының қызметкерлері өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі және ҚжЕҚ саласындағы оқыту және білімді тексеру ережелері мен мерзімдерін, тыңдаушылар тізімін жасақтау процесін түсіндірді.
Жиында құрылымдық бөлімшелердің жауапты қызметкерлеріне бірқатар міндеттер жүктелді.
- Оқу үрдісіндегі басты мәселелердің бірі - қызметкерлердің сабақта болмауы. Тексеру кезінде бөлімшелерден бекітілген тізімдердегі 14 адам оқуға қатыспаған. Курс аяқталғаннан кейін кейбіреулер келіп, оларға куәлік беруді сұрайды. Бұл әрине, дұрыс емес, жауапкершіліктің жоқтығы, білім-білігінің таяздығы өндірістегі жарақат жағдайларын тудыруы мүмкін. Мысалы, менің тәжірибемде адам биіктікте жұмыс жасау кезінде зардап шеккен жағдай болды. Мұның себебін анықтау барысында белгілі болғандай, ол оқу туралы хаттамаға қол қойғанмен, өзі сабақтарға қатыспаған болып шықты. Егер ол биіктікте қалай әрекет ету керектігін білсе, ондай жарақат алмас еді. Тағы бір өзекті мәселе, персоналдарды санаттар бойынша бөліп, топтардың тізімін жасақтау кезінде белгілі болғандай, бір қызметкер жылына бірнеше рет өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқудан өткен. Сондықтан, басшылар құрамын және лауазымды, жауапты тұлғалардың тізімін реттеу қажет, - деп атап өтті Оқу орталығының басшысы Алмагүл Дарғұлова.
Оқу орталығында өнеркәсіптік қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі және ҚжЕҚ саласында кәсіпорын қызметкерлері үшін уақтылы және сапалы оқулар ұйымдастыру жолға қойылған. Бірақ оқу процесстері барысында орталықтың қызметіне кері әсер ететін түрлі кедергілер де жоқ емес. Сондықтан, бөлімшелермен бірлесіп кәсіпорын қызметіндегі өзекті мәселелерді талдау мақсатындағы басқосулар мен жұмыс кездесулері оларды шешудің тиімді құралдарының бірі болып табылады.
Жеміс Бекджанова
Кадрларды даярлау жөніндегі инженер