Бәрі де аяқ асты ойламаған жерден басталды... Түс ауғанша сабақ, одан әрі әдеттегіше орталық кітапхана, оқу залдары, ертеңгі сабағымызға дайындығымызды бір жақты еткен соң, жатағымызға келдік. Кешкі ас кезінде қыздар күні бойы не істегендерімізді, анау-мынау жаңалықтарымызды айтып бастағанымызбен, әңгіменің ауаны Д.Қонаевтың жұмыстан босатылып, орнына аспаннан түскендей, ешкім білмейтін Колбин деген біреуді сайлағаны туралы болып кетті. Қызу талқыға түскен бұл мәселеге басқа бөлмелерден келген курстастарымыз да қосылды. «Біз Қазақстан емеспіз бе, бізге өз ұлтымыздан басшы керек», «онсыз да оңбай тұрған ана тіліміз енді тіпті құрдымға кететін болды ғой, бұл не деген басыну» деген секілді ренішті әңгімелер жалғасып жатты. Біраз талқылаудан соң, менің басқа бір жоспарлаулы мәселеге байланысты кетуіме тура келді...
Жыл сайын желтоқсан айының үшінші аптасында астанамыз Алматы қаласында оқитын біздің Маңғыстау ауданының студент жастары жерлестер кешінде бас қосатын. Бұл өзі көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр екен, оның жалғастырушылары біздер болдық. Елуінші жылдары Алматы медицина институтының студенті болған әкем айтып отыратын: «Алғашқы жерлестер кездесуін ұйымдастыруды бастаған маңғыстаулық жастар біздер едік. Ол кезде бұл жақтан астанада оқитын жастар да көп емес. Сыйлы қонағымыз жалғыз Естөре Оразақов еді»,-дейтін. Есімде, сол сексенінші жылдары жерлестер кездесуінің 35 жылдығын атап өткеніміз. Дипломдарын алып кеткелі тұрған аға-апаларымыз ендігі жерлестердің бас қосуын ұйымдастырып, басқаруды маған аманаттаған. Содан сол өзіме жүктелген аманатты екі жыл қатар абыроймен атқарып, енді 1986 жылдың желтоқсанындағы кезекті кешімізді ұйымдастырып жатқанбыз. Кешке үнемі шақырылатын қадірлі қонақтарымыз – жерлестеріміз, ақын, жазушы, ғалым, тұлғалы азаматтар Әбіш Кекілбаев, Маршал Әбдіхалықов, Мекерия Атымов, Әмин Тұяқов, Берекет Жұмалиев, Нығмет Қайпиев, Фариза Оңғарсынова т.б. болатын. Кездесуді ұйымдастыру, Алматы қаласының барлық оқу орындарында оқитын студенттерді табу да оңай шаруа емес. Сонда да жыл сайын екі жүз, үш жүздей студенттер бас қосатын бұл кештің орны бөлек, әсері ерекше болатын. Әттең... сол бір әдемі дәстүрдің аяқсыз қалып, жалғасын таппауына да осы желтоқсан оқиғасы себепші болып еді...
16 желтоқсан күні кеште кездесуге дайындықтың соңғы отырысын әр оқу орындарынан келген көмекші жігіттермен бірге талқылап отырғанбыз. Кенет есікті қағып, қапылған екі-үш жігіт дереу жоғарғы қабатқа жиналысқа келуімізді сұрады. Себебін сұрап та үлгермедік. Жігіттермен кездесу бағдарламасын реттеп, ертең ресторан жалдап, ас мәзірін беруге баратынымызды келіскен соң, оларды шығарып салуға шыққанмын. Дәлізде ерсілі-қарсылы сабылған жастар, бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Жағдай күрделене түскенге ұқсайды. Сөйтсек, бұл саяси өзгеріс ешкімді де жайбарақат қалдырмапты. Әр бөлмеде туындаған бұл әңгіме тек біздің журналистика факультетінде ғана емес, бүкіл жастардың талқысына түсіп, оның арты үлкен наразылыққа ұласқаны белгілі болды.
Сонда да болса іс насырға шауып, арты тарихта қалар үлкен саяси қозғалысқа ұласады деп ешкім де ойламаған еді. Ертесінде 17 желтоқсан күні алды Қазақ Мемлекеттік университеті болып, студент, жұмысшы жастар орталық алаңға бет түзеді. Алаңға жиналған жастар ел басшыларының кездесуге шығуын талап етіп, ұрандатып тұрды. Оларды солдаттар мен милициялар қоршап, жан-жақтан толассыз ағылған жастарды алаңға өткізбей тұр. Жиылғандар кешке дейін өз талаптарына қатысты қандай шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтып, бір басшы шығар деп үміттенген. Желтоқсанның сол күндері ерекше суық еді, аяз бет қарып тұр. Алаңда жастардың патриоттық рухына дем бергендей «Менің Қазақстаным», «Атамекен» секілді әндер естіліп тұр. Ара-арасында марқұм Роза Бағланова апамыз бастаған еліміздің белгілі азаматтары кезек-кезек шығып, «Қыздар, жігіттер! Ақылға келіп, тарағандарың дұрыс, сабақтарыңа барыңдар. Бұл мәселе аяқсыз қалмайды» деп ақылға шақырып жатыр. Бірақ тарауға ниеттенген ешкім болмады. Сұмдықтың бәрі кеш қараңғысы түсісімен басталды. Жастарды таратамыз деп шабуылдаған көп «жағалылар» мен солдаттар боран күні өрт сөндіргіш машиналармен суық су шашып, ұрып-соғып, алаңда аласапыран басталды да кетті. Құтылғаны құтылды, құтылмағаны ұсталып, түрмелерге тоғытылды. Оның арты Қайрат Рысқұлбеков секілді өрімдей жас жігіттің ату жазасына кесілуімен тынды.
Ол бір әділетсіздік етек алған, қасіретке толы кез еді. Студенттерді жаппай тексеру, тергеу науқаны басталып кетті. Әрбір жатақханада 3-4 ішкі істер, қауіпсіздік қызметінің өкілдері тұрып, басқан ізімізді аңдып отырды. Кірсең де, шықсаң да есеп бересің. Ал оқу корпустарында таңертең сабақ басталарда сыртқы есікке құлып салынады, түстен кейін де солай.
Тергеуге мен де шақырылдым. «15 желтоқсан күні кеште қайда болдың?», - деді «жағалы» жігіт. Мен сол кеште жерлестер кешін өткізу дайындығына байланысты әр оқу орнынан біраз жігіттерді жинап, ақылдасқанымызды, одан шығып, бөлмеме барғанымды айттым. Екі тергеуші біріне-бірі қарап, «Көрдің бе, тура сол кеште мына адайдың қызы, жерлестерін жинап, келесі күнге дайындаған сияқты ғой» деп, бір ұйымдастырушыны тапқандай, көңілденіп қалды. Содан небір түрлі сұрақтарды жаудыра бастады. Қанша отырғанымды білмеймін, сол жерден әбден қалжырап, басым айналып шыққаны әлі есімде. Бұл тергеу біраз күнге созылды. Кездесу кешін ұйымдастырмақшы болған жерлестеріміздің бәрі де тергеуге алынды. Оқудан шығып, бүлікті ұйымдастырушы ретінде кете барар ма едім, есіме жыл сайын жерлестер кешін нақ осы желтоқсанның он бесі мен жиырма бесінің аралығында өткізетіндігіміз түспегенде... Сылтау тауып, қуанып, кезекті тергеуге төрт жылдың шақыру билеттерін апарып, ондағы желтоқсанның жиырмасы, жиырма екісі тағы сол секілді болған күндерін көрсетіп, оны басқалардан сұратып, дәлелдетіп, әрең құтылдым. Бұл біздің соңғы курсымыз еді, жүйкеміз жұқарып, алаңдаумен жүріп, дипломымызды әзер алғанымыз есімізде.
Иә, сол суық қыстың салқынында жанын аямай, орталық алаңға шығып, өздерінің саяси көзқарастарын ашық білдіруге қорықпаған құрбыларымның бұл әрекеті кейін бүкіл өмірімізді өзгертіп, тәуелсіздікке қол жеткізуге бірден-бір себеп болды. Ел егемендігінің 29 жылдығы қарсаңында желтоқсан оқиғасының құрбандары болған жастарды еске алып, бас иеміз! Тәуелсіздігіміз баянды болғай!
Гүлбаршын Байназаровa