Қаракөл көлінің жағасында Мұнайлы ауданы Қызылтөбе селосы лицейінің және Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сенбілік өткізуді мектеп оқушылары мен лицей оқушылары Үстірт қорығының күзетіне жауапты инспекторларымен бірлесіп жүргізілген Қаракөлдегі кезекті рейдтен кейін қолға алды.
– «Маңғыстау табиғаты» Қоғамдық бірлестігінің «Қаракөл көлін қорғаушылар» экопатрулінің еріктілер жасағы Қарақия-Қаракөл зоологиялық қорығының бір бөлігі - Қаракөл жағалауының тазалығын қоғамдық бақылауға алуды шешті. Акцияға қатысуға келген оқушылар Қаракөлдің шығыс жағалауындағы жағымсыз көріністердің куәсі болды: тұрмыстық қалдықтардың заңсыз үйінділерінен көлге қарай пластикалық бөтелкелер, полиэтилен пакеттер, бір рет қолданылатын ыдыс-аяқ және басқа да жеңіл, бірақ табиғат үшін салдары ауыр қоқыстар желменен ұшып жатыр. Еріктілер полигоннан көлге дейінгі ұзындығы мен ені жүз метрдей кеңістікті бір жарым сағат ішінде тазартып шықты. Содан кейін игілікті іс тындырып шаршаған оқушыларға Қаракөл көлінің қауырсынды тұрғындарын бақылау үшін бинокльдер мен көздеу құралдары берілді. Оқушылар өз жұмысының нәтижелеріне қанағаттанып, риза болып қайтты. Оларға алғысымыз шексіз – дейді акцияны ұйымдастырушы Орталық Азияның Рамсар аймақтық бастамасының үйлестіру комитетінің мүшесі Әділбек Қозыбақов.