Бірнеше айдан бері елдің еңсесін түсіріп, жүйкесін жұқартып, өкпесін қысқан індеттің беті қайтып, еркін тыныстап, жүзіміз жарқырап қалды. Осы тақырыптағы ақпаратты жағымды жаңалықтармен бастайтын күнге де жеттік. Алдағы күндеріміз де жақсылығымен жалғасып, қалыпты өмірімізге біржола оралатын күн де жақын болғай. Эпидахуал біраз тұрақталды дегенмен вирустың таралуы түпкілікті жойылған жоқ. Еліміз бойынша жалпы ауыру көрсеткіштері әр күні әрқалай құбылуда. Сондықтан карантиндік шаралар одан әрі жалғасуда. Алдыменен 31 шілде күні Облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысымен өңірімізде 3 тамыздан бастап қатаң шектеу шаралары жалғастырылды. Ал 14 тамыздағы қаулы бойынша 17 тамыздан бастап эпидемиологиялық жағдайдың барысына қарай облыс көлемінде карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдету туралы қаулы қабылданды. Осылайша шеті жоқ шектеулер азайып, көптеген кәсіпкерлік нысандар, сауда орталықтары, базарлар, спорт алаңдары мен залдары, сұлулық салондары мен шаштараздар, бала бақшалар, қоғамдық тамақтану орындары, сонымен қатар қоғамдық көліктер өз жұмыстарын бастады. Әрине, барлық санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтау, адамдардың көптеп шоғырлануына жол бермеу басты міндет. Бір қуанарлығы, осы жеңілдік шаралары жүзеге аса бастағалы дерттің таралу деңгейі облысымызда бірте-бірте төмендеп, тіпті кейде ауырғандар мүлде тіркелмеген күндер де болды. Қаладағы емханалар мен ауруханалар қалыпты жұмыс істей бастады. Дәріханаларда ұзын сонар кезек жоқ, іздеген дәрі-дәрмекті де алуға болады.
Алда суығы шекеден өтетін күз айлары келеді. Дәрігерлердің де алаңдайтыны осы мезгіл. Бұрын да түрлі вирустық аурулардың көбейетін уақыты. Енді биыл осыған коронавирустық асқынулар қосылмаса болды деген қорқыныш та жоқ емес. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ, дерттің алдын алу жұмыстары елде жаппай жүргізілуде, жаңадан ауруханалар салынуда, қажетті дәрілер мен тыныс алу аппараттары да көптеп жеткізілуде. Бұл алдын алу шараларына елдегі ірі компаниялар мен кәсіпорындар да атсалысып, қайырымдылық көмектерін көрсетуде. Біздің кәсіпорын да мұндай игілікті істен тыс қылмай, жақында облыстық ауруханаға 10 000 бетперде мен 10 пульсиксометр табыстады. Комбинат басшылығы ұжымдағы аурудың алдын алу мақсатындағы дайындық жұмыстарын басты назарда ұстауда. Өйткені, өмірлік маңызы бар кәсіпорнымыздың қызметі бір сәтке де тоқтауға тиіс емес. Бүгінгі күні ұжымда бұл қауіпті дертпен ауырып, емделіп жатқандар жоқ.
Жадыраған жазбен қоштасып, қоңыр күзді қарсы алмақпыз. Жылы киініп, суық тигізбей, балапандарымызға да ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!
Гүлбаршын Байназарова