«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басталатын Ата Заңымыз 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қабылданды.
Конституция тәуелсіз еліміз азаматтарының барша мүддесі мен құқықтарын паш еткен басты құжаттардың бірі. «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген Конституцияның алғашқы бабында. Демек, біз бен сіздің де, ұрпағымыздың да бүгіні мен ертеңі осы Ата Заңымызбен қорғалған. Ендеше, еліміздің тәуелсіздігін тұғырлы етіп, болашағын баянды ету жолындағы ортақ істерімізге алаңсыз жұмылайық! Айтулы мерекеде баршаңызға сәттіліктер мен отбасы бақытын тілейміз! Келешегіміз кемел, еліміз аман болсын!