22.11.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Ел ертеңін бүгін ойла!

 

Бұл көктем жылдағыдан өзгерек болды. Иә, мүлдем өзге... Тек табиғатта мін жоқ. Көгілдір көктем нұрын төгіп, шуағын шашып, жер беті көкке оранып, ағаштар бүр жарып, гүлдер құлпырып келеді. Бірақ осы кереметтің бәрін тамашалап көшеде серуендеген үлкендер де, асыр салып ойнаған бала да көрінбейді. Үйде отырып, терезеден телміріп, тезірек бір жақсылықты күткеннен басқа амал жоқ... Бүкіл жер бетінде қайнаған тіршілік тоқтап қалғандай, адамзат  «әлгі пәледен» қашып үйге тығылды.

Өткен жылдың аяғын ала  Қытай елінің Ухань қаласында бұрын-соңды болмаған жұқпалы дерт тарай бастады деген хабар бүкіл елді дүр сілкіндірді. Оның күні бүгінге дейін нақты емі табылмағаны да алаңдатулы. Осы тажал бар-жоғы екі-үш айда жүздеген елге тарап, мыңдаған адамның өмірін жалмап үлгерді. Қаңғырған короновирус наурыздың ортасына қарай біздің елге де жетті. Жетіп қана қоймай, өңірлерді аралап кетті. Елде Президент Жарлығымен Төтенше жағдай жарияланып, үлкен қалалар мен аудандар  карантинге жабылды. Біздің облыста да  осы дертке шалдыққан адамдар анықталып, ем жүргізілуде. Ендігі мақсат - осы вирустың таралуына жол бермей, емделіп жатқандарды аман алып қалу. Жарияланған карантин тәртібін толықтай орындап, уақытты тиімді пайдалану. Өйткені, елдің болашағы азаматтардың осы қиын кезеңдегі ережеге бағынып, денсаулығын сақтауында болып тұр.

МАЭК – облыстың өндіріс орындарын электр энергиясымен, тұрғындарды тіршілікке қажетті барлық ресурстармен қамтамасыз ететін бірден-бір ірі кәсіпорын. Сондықтан комбинат ұжымдағы  қызметкерлердің денсаулығын толықтай бақылауда ұстап, тиісті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жұмыс істеуде. Кәсіпорын Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары – бас инженер И.П.Чернецкийдің  төрағалығымен Төтенше жағдай кезінде жұмыс істейтін  арнайы штаб құрылып,  қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Алдыменен қызметтік, өндірістік және санитарлық-тұрмыстық үй-жайларды жинап, тазалайтын персоналға дезинфекциялық ерітіндіні қолданып, құрғақ және ылғалды тазалық жұмыстарын дұрыс жүргізу бойынша кезектен тыс нұсқамалар өткізілді. Кәсіпорын аумағында радиотрансляциялық желі бойынша коронавирустық инфекцияның алдын алу тақырыбындағы әлеуметтік аудиотректер таратылуда. Денсаулық сақтау пункттерінің медицина қызметкерлері де бөлімшелердегі еңбек ұжымдарының басшыларымен бірлесіп, күнде ертеңгілік қызметкерлердің денсаулық  жағдайына мониторинг жүргізуде. Қалыпты жағдайдан ауытқуы бар қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді. Сонымен қатар, барлық кіріп-шығу және бақылау бекеттеріндегі еденде қызметкерлер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтау мақсатында бояумен белгілер салынып, қабырғаларға ақпараттық жаднамалар ілінген. Қызметкерлерге электрондық поштамен індеттен сақтану жолдары баяндалған ережелер таратылуда. Кәсіпорын аумағында жаппай дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, күніне екі рет қызмет көліктері мен автобустардың салондары мен есік-терезелері құрамында хлоры бар сұйықтықтармен тазартылуда.

Алғыс күнімен басталатын бұл айда жер бетінің халқы ақ халатты абзал жандарға – дәрігерлерге жүрекжарды лебіздерін арнауда. Олар өз денсаулығын қатерге тігіп, айлап отбасына оралмай, сырқаттарды емдеп, жүздеген жандарға өмір сыйлауда. Олармен бірге қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген әскерилер мен ішкі істер қызметкерлері де демалыссыз еңбек етуде. Бүгінде бар үміт тезірек осы дерттің бір шипасын табу мақсатындағы ортақ мүдде үшін жұмылған дәрігерлер мен ғалымдарда болып тұр. Иә, баршаның тілегі – қауіпті  індеттің дауасы табылып, жер-ананың тіршілігі қайтадан жандансын! Өмір өз ағысымен жылжып, балаларымыз балабақша, мектептеріне барып, аяулы ұстаздарымен табыссын. Ойын алаңдарымыз алаңсыз күліп, ойнаған балапандарға толсын! Ал біз бен сізге ұрпағымыздың бақытынан артық не бар?! Алдағы жылдың көктемі уайымсыз келгей!

Гүлбаршын Байназарова