22.11.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Жақыныңа жанашыр бол!

         Бұл бүгінгі күннің басты қағидасы. Өзінің жақындарын, балаларын, отбасының амандығын ойлаған кез-келген адам карантин талаптарын толық сақтап, жұқпалы дертті үйіне тасып әкелмейді және таралуына жол бермейді. Сондықтан, аурудың алдын-алу, ахуалды жақсарту әрқайсымыздың жеке жауапкершілігімізде болып тұр. Әйтпесе, ауылға келген вирусы бар бір адамның бүкіл ауылға ауру таралуына себепкер болған немесе тойға келген бір адамның ондаған адамға жұқтырған жағдайлары тіркелуде.

          Шілде айы карантин жарияланған кезеңдердегі ең ауыр айлардың бірі болды. Елде коронавируспен бірге өкпенің пневмония ауруы етек алды. Осының салдарынан көптеген адамдар мезгілсіз көз жұмды, жақындарынан айырылған талай жандар қайғы жамылды. Індетпен соғыста алғы шепте болып, адамдардың өмірі үшін арпалысқан талай білікті дәрігерлер мен медицина қызметкерлері де бақилық болды. Тіпті өмірден өткендерді еске алу үшін 13 шілде күні Қазақстанда Аза тұту күні жарияланды. Осылайша, бұл ай бәрімізді есеңгіретіп, еңсемізді түсірген, көз жасы көп төгілген ай болды. Дегенмен, жағдай айдың аяғына қарай біршама жақсарып, жедел жәрдем шақырушылар мен ауруханаға жатқызылатындар саны азайып, керісінше, аурудан айыққандар саны көбейді. Лайым, солай бола бергей!

          Облыстағы эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында 4 шілдеде Маңғыстау облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерғали Сыдымановтың 5-20 шілде аралығына карантиндік шектеу шаралары енгізілген жаңа қаулысы шықты. Қаулы бойынша барлық автобус тасымалы, қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылып,  барлық ұйымдарда адамдар шоғырланатын жиналыстар, кеңестер, конференциялар, форумдар, семинарлар және басқа да іс-шараларды, сондай-ақ үйлену тойлары, мерейтойлар, садақаларды мейрамханаларда,  сонымен қатар үйде және аулада  өткізуге де тыйым салынды. Діни объектілер болып саналатын мешіттердің, шіркеулердің де қызметі тоқтатылып, балаларды сауықтыру лагерьлерінің, білім беру орталықтарының, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, оның ішінде кезекші топтардың, балалардың бос уақытын өткізу және қосымша оқыту орындарының қызметіне,  бассейндер мен спорт объектілерінің жұмысына тыйым салынды. 65 жастан асқан ата, әжелерге де денсаулығына қауіп тудырмас үшін көпшілік жерге бару, көшеге шығуды шектеуге тура келді. Індеттің таралу қаупін азайту мақсатында облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері осы қатаң шектеу шараларының уақытын  19 шілдедегі қаулысымен 3 шілдеге дейін ұзартты. Сол күннен бастап, адамдар көп жиналатын теңіз жағалауындағы бес учаске: 1 шағын ауданның жағалауы, 1 шағын аудандағы «Карвон» мейрамханасының және 1 шағын аудандағы суда құтқару станциясының аумағы, 4 шағын аудандағы «Шевченко» жағалауы және Жылы жағажайға блокпосттар орнатылып, шектеу қойылды.

           Аурудың алдын алу үшін үнемі бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, қолымызды жиі жуып, арнайы сұйықтықтармен сүртіп, денсаулығымызды үнемі бақылауда ұстауымыз қажет. Тек өзіміздің ғана емес, өзгенің де өмірі үшін жауапты екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Алаңсыз, жарқын өміріміз алда болсын деген үмітпен тамызға да кеп табан тіредік.

                                                                                              Гүлбаршын Байназарова