22.11.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Құдірет бар домбыра ішегінде

               2018 жылдың 12 маусымында сол кездегі  Ел Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаулысымен шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра» күні болып жарияланды.

            Елбасының бұл Жарлығын ұлттық құндылығымыз Домбыраға, қазақтың төл аспабына, жалпы ұлттық өнерімізге көрсетілген үлкен құрмет деп түсіну керек. Алғаш Астанада мыңдаған домбырашылардың қатысуымен бастау алған мерекеден кейін жүрек тебірентер үндер мен саздарды төгілдіретін қос шанаққа қайта жан біткендей, домбыраның қоңыр үнін жиі еститін болдық. Соңғы жылдары әлемге әйгілі болған ерекше дауысты Димаш Құдайберген де жер бетінің көптеген елдерінің атышулы сахналарында ән айтып қана қоймай, домбырамен де өнер көрсетіп, ұлттық өнерімізді миллиондаған көрермендерге танытуда.

            Қазақ елінде әр өңірдің өзіндік ән, күй мектебі қалыптасқан. Аталар аманаты - Маңғыстау мақамдары мен күйлерін бүгінде абыроймен ұрпаққа жалғастырушылар, ел арасында белгілі болып жүрген жыршылар, күйшілер, әншілер жетерлік. Сондай талантты жандардың бірі біздің кәсіпорында қарапайым жүргізуші болып еңбек етеді. Ол – автокөлік басқармасының қызметкері Мұрат Сран.

1           Кішкентайынан өнерлі отбасында әкесі, ағалары салған әндерді, күйлерді тыңдап өскен Мұрат 5 жасында қара домбыраны қолға алса, 5 сыныптан бастап қаладағы өнер мектебінің табалдырығын аттады. Тоғызыншы сыныптан соң Маңғыстау өнер колледжінің студенті атанды. Мұнда өңірге белгілі домбырашылардың бірі Серік Ізімбергеновтың класында біліктілігін одан әрі шыңдап, домбыра тартудың қыр-сырын терең меңгерді. Диплом алатын кезде комиссия құрамында бас қалалардағы өнер академияларының, консерваторияның профессорлары мен белгілі өнер адамдары  болды. Сынақ барысында түлектердің өнерін көрген Қаршыға Ахмедияров «Маңғыстау өнер мектебінің білімі консерваториямен деңгейлес екен» деген баға берді. Колледжді үздік бітірген Мұрат облыстық филармония жанындағы Абыл Тарақұлы атындағы оркестрдің домбырашысы, жеке әншісі болып жұмысқа кірісті. 2003,2004,2005 жылдары облыста өткізілген «Шабыт»  байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, республикалық фестивальдерде ең үздік әншілердің  қатарында  бірнеше рет дипломант атанды. Орал қаласында өткізілген Ескендір Хасанғалиев атындағы байқауға қатысып, бас жүлдені иеленді. Соңғы турда Есағаның «Сағындым сені» әнін әуелете салған Мұраттың әншілігіне риза болған сазгердің зайыбы Дарико апамыз сахнаға шығып, бетінен сүйіп, бір құшақ гүл сыйлады. Мұрат Сран Ақтау, Алматы қалаларында өткен «Жаһан дала», «Жас қанат» байқауларының дипломанты. Осылайша, өнер көгіне бірте-бірте самғаған жас талант республика көлеміне танылып, абырой беделі көтеріле бастаған тұста жары Асылханмен шаңырақ көтерді. Жанұядағы төрт ұлдың үлкені болған соң бөлек үй болу, бала-шаға асырау деген сияқты жауапкершілік артылды. Он жеті мың жалақы алып жүрген Мұрат бұл жерден үй алудың да мүмкіндігі жоқ екеніне көзі жеткен соң, қызмет ауыстыруға мүжбүр болды.  Сөйтіп, көп ұзамай банк қызметкері болып шыға келді. Осында курьерлік қызметте жүріп, армандаған үйіне де қол жеткізді, бөлек отау құрды. Өнербай, Ақерке, Мерей атты балапандар өмірге келді. Мұнда төрт жыл еңбек еткен соң Мұрат «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автокөлік басқармасына жұмысқа ауысты. Мұнда да кәсіпорынның мерекелік шараларына белсене қатысып, Астана қаласында өткен өнерпаздар байқауларына қатысып жүлделі орындарды бірнеше мәрте жеңіп алды.

             «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, домбырамен де, эстрадамен де ән салатын, той басқарушы әрі келіннің бетін ашу рәсімін де өзі жасайтын өнерлі жігітке шақыртулар да көп. Анасы Түйме сол мерекелердің сценарийлерін жазып беріп, әкесі ән таңдауға көмектеседі. Сол кісілердің ұсынысымен домбырамен дайындаған қазақ әндерінің попуриі тыңдаушының ерекше ықыласына бөленді. Ғаламторда таралған бұл әннің бейнежазбасы Орталық теледидарда «Әйел бақыты» хабарын жүргізетін Ләйлә Сұлтанқызының, «Хабар» телеканалының  «Біздің үй» жобасының жүргізушісі Айнұр Тұрсынбаеваның назарларына ілігіп, арнайы шақыртумен телехабарларға да қатысып қайтты. 

            «Мен домбыраны ойнағанда гитараның аккордтарын қосып тартамын. Сонда екі аспап тартылып жатқандай естіледі де тыңдаушыға ерекше әсер етеді. Шындығында, домбырада тек екі шанақ болғанмен, одан шығатын саздың құдіретінде шек жоқ. Өте қасиетті аспап қой. Сондықтан әр қазақтың төрінде домбыра ілулі тұруы тиіс деп ойлаймын. Ес білгеннен естігеніміз ән мен күй болған соң біз де осы өнерді өзімізбен бірге алып жүрміз. Қазірде кіші ұлым мен ортаншы қызымның музыкаға ынталарын байқап жүрмін, ал үлкенім есеп-қисапқа жақындау, анасына ұқсаған. Ал өзім өнерден бөлек Орал университетінен Техника қауіпсіздігі саласы бойынша диплом алып шықтым. Әзірге мамандықпен жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмай тұр. Бірақ, ол басты мәселе емес. Қазіргі бар тілегіміз мына елдерді жайлаған аты өшкір індет жойылсын, басымыз аман болып, халық қалыпты тірлігіне тезірек көшсін деген тілек. Шалқытып әнімізді айтып, жырымызды тыңдап, күліп-ойнап жүретін күнге тез жетсек»,-дейді Мұрат.

            Иә, алты айдан бері театрлардың есігі тарс жабық, сахналардан ән мен күй де естілмейді, көрермендерін сағынған  өнер адамдары да үйлерінде отыруға мәжбүр. Домбыраның үні де сирек естілетін болды...

                                                                                                               Гүлбаршын Байназарова

1c58a51a e8a8 4159 82f6 3fea812732bf