05.09.2025 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

 

Еңбекке берілген жан

 

    Әрбір ғимараттың бітімі тек іргетасының мықтылығымен ғана емес, сонымен бірге соңғы әрлеу жұмыстарының шебер орындалуымен де көрінеді. Мұндай үйлесімді қалыптастыратын жандар – әрлеуші-сылақшылар. Осындай мамандардың бірі - «МАЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етіп жүрген Настя Сұлтанғазиева.

   Ол 40 жыл еңбек өтілінің 16 жылында «МАЭК» ЖШС-де қызмет етіп келеді. Бүгінде ол Жөндеу құрылыс жұмыстары басқармасының 5 разрядты сылақшысы. Өз еңбек жолын ол 1985 жылы Ақтау қаласындағы №2 кәсіптік-техникалық училищесін «Құрылыс сылақшысы» мамандығы бойынша тәмамдаған соң  бастады. Көп жылдан бері құрылыс саласында табанды еңбек етіп, кез келген қиындыққа мойымай, өз қызметін  адал атқарып жүрген Настя апайды әріптестері де құрмет тұтады. Тәжірибелі маман өзінің сапалы жұмысы, қызметке жауапкершілігімен жастарға үлгі болуда. Настя апа оларға әрдайым бағыт-бағдар беріп, жұмысты сүйіспеншілікпен әрі жауапкершілікпен атқаруға үндейді. Ол кез келген қиындықты сабырмен жеңуге болатынын айтады, тек шыдам мен еңбекқорлық қажет.

    - Мен үшін жұмыста ең бастысы - ұқыптылық. Жұмыс нәтижесі көз қуантарлық болса, онда өз еңбегіңе деген мақтаныш сезімі туындайды, - дейді ол.

    2017 жылы оның ұзақ жылғы еңбегі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 20 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.

   Қызметтен тыс уақытта Настя Сұлтанғазиева – үлгілі ана, ардақты әже. Төрт қыз тәрбиелеп өсірген ол бүгінде 11 немеренің сүйікті әжесі. Демалыс уақыттарын үнемі жиендерімен бірге өткізіп, балапандардың тәтті қылықтарын қызықтағанды ұнатады.