Мамыр айы еліміз үшін маңызды мерекелер мен тағылымы мол оқиғаларға толы кезең болды. Айдың алғашқы күні түрлі ұлт өкілдерін біріктіретін, татулық пен келісімді дәріптейтін Қазақстан халқының бірлігі күнін, 7-мамырда Отан қорғаушылар күнін, ал 9-мамырда Ұлы Жеңіс мерекесін атап өттік.
Биыл адамзат тарихындағы ең қасіретті әрі қанқұйлы соғыстардың бірі - Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге орай «МАЭК» ЖШС өкілдері тыл ардагерлері - Любовь Вячеславовна Боброва мен Владимир Александрович Тропинге арнайы барып, құрмет көрсетті. Олар майдан шебінде болмаса да, тылда жанкешті еңбек етіп Жеңіске өз үлестерін қосты.
Любовь Вячеславовна соғыс жылдары әлі кішкентай, балауса қыз еді. Бірақ сол балғын шағында-ақ елдің ауыртпалығын арқалап, қолдан келген көмегін аямай, үлкендермен қатар еңбек етті. Қой жүнінен жылы киім тоқып, әкесімен бірге балық аулап, ау жөндеуге көмектесті. Ал 1972 жылы техникумды бітірген соң, БН-350 реакторлық қондырғысында лаборант болып еңбек жолын бастады. Ардагер кәсіпорында 27 жыл еңбек етіп, ашық мінезі, жауапкершілігі мен кәсібіне деген адалдығы үшін әріптестерінің құрметіне ие болды.
Владимир Александрович бозбала кезінде колхозда жұмыс істеді, жанармай тасып, жылқы бақты. Кейін әскери училищені аяқтап, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет етті. 1969 жылы Маңғыстау энергетикалық комбинатына жұмысқа орналасып, атом реакторын жобалау мен іске қосу жұмыстарына белсене қатысты. Ол өңір үшін стратегиялық маңызы бар ірі нысанның бастауында тұрған, отандық энергетиканың дамуына сүбелі үлес қосқан мамандардың бірі.
Кездесу барысында ардагерлерге құрмет грамоталары, гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді. Десе де, ардагерлерге сол күнгі ең басты тарту – әріптестерінің риясыз көңілмен көрсеткен құрметі болды. Ардагерлер кәсіпорын ұжымы атынан келген өкілдерге шын көңілмен ризалықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.