«МАЭК» ЖШС-нің білікті мамандарының бірі, ДӨжӨЖСЖЗ №1 цехындағы 508-бригаданың мастері Марат Төлепбергенов Маңғыстау облыстық футбол федерациясының президенті болып тағайындалды. Бұл жаңалық комбинат ұжымын ерекше қуантты, өйткені жаңа басшының еңбек жолы мен спорттағы жетістігі көпке үлгі.
Марат Төлепбергенов комбинатта 2007 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның футболға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. 2014 жылы ол футбол төрешісі атанды, ал 2018 жылы облыстық федерацияның бас төрешісі деңгейіне дейін көтерілді. Жаңа қызметінде аймақтағы балалар мен әйелдер футболын дамытуға баса назар аударуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, МАЭК-тегі кәсіби жұмысын сүйікті ісімен қатар алып жүруді жалғастырмақ.
Әріптесімізді жаңа қызметімен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбекте де, спортта да толағай табыстар тілейміз!