08.05.2025 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

 

Еңбек - бәрін жеңбек

 

     Бектурғанов Болатбек Мендібайұлы - «МАЭК» ЖШС Жөндеу зауытының қазандық және турбиналық жабдықтарын жөндеу мастері. Ол Маңғыстау облысының Ералы ауылында дүниеге келген. Оның техникаға және өндіріс саласына байланысты мамандықты таңдауына қарапайым кран машинисі  болып еңбек еткен әкесі себеп болды деуге болады. 2003 жылы Маңғыстау энергетикалық колледжін тәмамдағаннан кейін «МАЭК» ЖШС-не жұмысқа орналасып,  слесарь-жөндеуші болып еңбек жолын бастады. Кейін ол жүк ілуші, сырлаушы, электргазбен дәнекерлеуші сияқты қосымша мамандықтарды да меңгерді.

     Еңбек жолында сенімді қадамдармен алға жылжи отырып, Болатбек Мендібайұлы қарапайым жұмысшыдан инженер-технологқа, кейін жөндеу шебері қызметіне дейін өсті. 2023 жылы оған «Кәсіпорынның еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді.

     Әріптестері Болатбекті еңбекқор, білімді және білікті маман ретінде бағалайды. Ол тек бригадаға жетекшілік етіп қана қоймай, жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсетіп отырады. Болатбек өз жұмысының ең күрделі тұсы қызметкерлердің қауіпсіздігіне жауапкершілікте болу дейді: «Барлығы аман-есен жұмыстарын аяқтаса екен деп уайымдаймын. Қолымнан келгенше бағыт-бағдар беремін, көмектесемін - бұл менің парызым».

     Ол жұмысты нақты нәтижеге қол жеткізгенше жүйелі әрі үздіксіз жүргізгенді ұнатады. Өйткені, жүктелген тапсырмаларды тыңғылықты атқару әр жұмыскердің абыройлы міндеті болуы тиіс. Ал, қызметтен тыс уақытта  Болатбек өзінің сүйікті ісімен айналысады. Еңбекке адал, майталман маман Болатбек талантымен де елге танымал жігіт. Ол көпшілік мерекелерде жүргізуші болып, ән салып, тойшы қауымға шаттық пен қуаныш сыйлағанды  ұнатады. Сонымен қатар, ол кәсіпорында өткізілетін мерекелік салтанаттарда айтылатын «МАЭК гимнінің» де авторларының бірі.

     Ол жас мамандарға үнемі сабырлы болып, әріптестерге құрметпен қарауға кеңес береді. Оның айтуынша, үлкендердің кеңесіне құлақ түріп, тәжірибені дұрыс қабылдай білу маңызды. «Ешкім бірден шебер болып тумайды. Түсінбеген нәрсені ұялмай сұраған дұрыс. Кейін қателікке бой алдырмау үшін, уақытында үйренген дұрыс», — дейді ол.

      Болатбек Мендібайұлы - ұзақ жылдар бойы тынымсыз әрі адал еңбегімен кез келген қиындықты жеңіп, еңбек жолында үлкен жетістіктерге жеткен маман. Мұндай жандар – өндірістің тірегі, жастарға үлгі, ал кәсіпорынның дәстүрі мен тәжірибесін келесі буынға жеткізуші алтын көпір.