08.05.2025 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

 

Токпен жұмыс қателікті кешірмейді

 

 

     Николай Малахов алғаш  еңбек жолын 2007 жылы кәсіпорынның  Жылу электр станциясында (ЖЭС) 4-разрядты электр слесарі қызметінен бастады. Бүгінде, арада 18 жыл өткенде ол - жоғары білікті маман, әріптестері құрметпен қарайтын, ал жас мамандар үлгі тұтатын тәжірибелі қызметкер. Біз Николаймен кәсібіне қалай келгені, жұмысының қиындығы мен ерекшелігі, сондай-ақ спорттың оның өміріндегі орны туралы әңгімелестік.

       - Энергетика саласына қалай келдіңіз?

     Электрслесарь боламын деп ойлаған да жоқпын. Бұл мамандықты осы салада жұмыс істейтін ағаларым ұсынды. Өндірістік  тәжірибеден кейін маған құрал-жабдықтармен жұмыс істеу қатты ұнады. Содан бастап осы бағытта дамуды шештім.

      - Сіздің күнделікті жұмысыңыз қалай өтеді?

    Барлық қызметкерлер секілді: алдымен міндетті медициналық тексерістен өтеміз, арнайы киімдерімізді ауыстырып, шеберден тапсырма аламыз. Содан кейін берілген өтінімдер бойынша жөндеу, тексеру немесе қызмет көрсету жұмыстарын орындаймыз. Барлығы ережеге сай жүреді, себебі станциядағы қауіпсіздік алдыменен бізге байланысты.

      - Жұмысыңыздың ең күрделі қыры?

    Токпен, әсіресе ыстық цех ішінде жұмыс істеу — әрдайым қауіпті. Мұнда асығуға болмайды. Ең кішкентай қателік ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Қазір тәжірибемен бәрі жеңіл көрінеді, бірақ жаңа технологиялар енгізілгенде қайта үйренуге және бейімделуге тура келеді.

      - Ал бұл мамандықта сізге не ұнайды?

    Ерекше тапсырмалар орындаған ұнайды мен жас мамандарға көмектесу. Мен де кезінде жаңадан бастаған едім — сол күндер әлі есімде. Біздің шеберіміз Виктор Павлович Попов бізді аямай, күніне 3–4 тапсырмадан беретін. Біз шаршайтынбыз, бірақ дәл сол жұмыс бізді шыңдады деп санаймын. Қазір ол кісіге алғысым шексіз. Сол сияқты өзім де жастарға бағыт беріп, түсіндіріп, іске араластырып жүрмін.

      - Энергетикадағы жолын енді бастаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

     Жастарға кез-келген істі бастарда қорықпаңыздар, үйренуге ашық болыңыздар, тәжірибелі мамандардан көп нәрсені үйренуге тырысып, білмегеніңізді сұрауға ұялмаңыздар, қолмен жұмыс істеуден қашпаңыздар, жалқауланбаңыздар дер едім. Бәріне тәжірибе арқылы ғана қол жеткізуге болады, бастысы, шетте қалмау. Егер тырыссаңыздар, нәтиже міндетті түрде болады.

     Николайдың өмірінде спорттың орны ерекше. Балалық шағында әкесімен, ағаларымен доп қуалап, футбол ойнағанды жақсы көретін. Кейін әуесқойлық деңгейден өтіп, 9 жылдай кәсіби футболмен айналысқан. Бүгінде ол сүйікті спортынан қол үзбей, жұмыстан кейін достарымен доп тепкенді ұнатады. Сонымен қатар, кәсіпорын бөлімшелері арасындағы волейбол жарыстарына да белсенді қатысады. «Спорт - менің хоббиім әрі дем алу тәсілім. Ең бастысы - қозғалыста болу, – дейді ол.