20.12.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Мәжіліс депутаты МАЭКте

 

       ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі Еділ Жаңбыршин «МАЭК» ЖШС-не жұмыс сапарымен келді. Мұнда ол кәсіпорын басшылығымен, жауапты қызметкерлерімен кездесіп, алдағы жылу маусымына дайындық барысымен және комбинаттағы өндіріс жұмыстарымен танысты.
     Комбинаттың бас директоры Кинис Ураков қонақтарға кәсіпорын станцияларында бүгінгі күні жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары, жабдықтардың жағдайы, сондай-ақ, шешімін күткен басқа да мәселелер туралы әңгімеледі.
Депутат Жаңбыршин өңірдегі энергия ресурстарын өндіретін бірден-бір кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.
    - Бүгінде комбинат жабдықтарының тозуы 80% -ды құрайтыны белгілі. Үнемі жөндей бергеннен жабдықтардың жағдайы жақсармайды, сондықтан оны түбегейлі жаңарту қажет. Ол үшін үлкен қаржылық ресурстар қажет. Жақында ҚР Үкіметі МАЭК үшін 5 млрд теңге бөлді, ол кәсіпорын тұтынған газдың қордаланған қарызын ішінара өтеуге жұмсалады,- деді Еділ Жаңбыршин.
Өндіріске қажетті турбиналардың, қазандықтардың және электр генераторлардың қосалқы бөлшектері шетелде дайындалады. Жабдықтарға тапсырыс беру және оны қабылдауға бір жылдан астам уақыт кетеді. Сондықтан бюджет қаражатын игеру мерзімін екі-үш жылға дейін ұзарту қажет екендігін айтты кәсіпорын басшысы.
    - «МАЭК» ЖШС-не 2023 жылы Үкіметтің резервінен 4,9 млрд теңге көлемінде бөлінген қаражаттың 1,7 млрд теңгесі игерілді. Біз бұл қаражатты уақыт шектеуіне байланысты толық игере алмадық. Қалған соманы мемлекетке қайтаруға мәжбүр болдық. Сондықтан біз депутаттық корпустан МАЭК-ке республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты игеру мерзімін ұзартуды үкіметтік деңгейде қарауды сұрадық, - деді Кинис Ураков.
     Кәсіпорын жыл сайын жылу кезеңіне дайындық бойынша ауқымды жұмыстар жүргізеді. Бүгінгі күні ЖЭО-2-дегі №4 қазандықты күрделі жөндеу және №7 қазандықта кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, осында №11 қазандықта да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жұмысты 14 қазанда аяқтау жоспарланған.
    Сонымен қатар, ЖЭО-1-де №4 қазандықта жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу және №4 турбинадағы кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары 31 тамызда аяқталуы тиіс. ЖЭО-1 №1, №2 және ЖЭО-2 №1, №2 және №3 қазандық қондырғыларын жөндеу 16 қыркүйекте аяқталады.
       Жөндеу науқанын кәсіпорынның Жөндеу зауыты мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері жүргізуде.