Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде 8 сәуірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. 11 мамырға дейін созылатын сенбіліктер бес апта бойы «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» тақырыптарымен, «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» ұранымен жүргізілуде.
Атаулы акцияны «МАЭК» ЖШС-нің ұжымы да қолдап, өткен сенбіде кәсіпорын аумағы алаңдарындағы көшеттерді реттеп, әктеп, ағаш түбіндегі жапырақтарды, құрғақ шөп қалдықтарын жинап, артық қоқыстарды түгелдей тасып шығарды. Комбинаттың жүзге жуық қызметкері ЖЭО-2 су жинау каналының бойын тазалауға барып, жағалауға келушілерден қалған лас қоқыстарды жинады. Бұл аумақтан да полигонға қоқысқа толы бірнеше көлік жөнелтілді.
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – тек сенбіліктер өткізіп қоймай, халық арасында қоғамдық мәдениетті арттыру, қоршаған ортаны қорғауға шақыру, бірлік пен өзара адамгершілік, қайырымдылық қасиеттерді насихаттау.
Сенбіліктің барлық қатысушыларына тындырған жұмыстары, көрсеткен белсенділіктері үшін алғыс білдіреміз!