Биылғы көктем бұрынғылардан өзгерек болды. Сәуір болса да тәуір болмады. Жаңбырлы ауа райына қыс бойы жауған қар суы қосылып, еліміздің көп аумағын тасқын су басты. Ол аздай көрші елдің су қоймаларынан асып-тасыған мол су бізге қарай бағыт алып келеді. Әсіресе, бұл жағдай елдің батыс аймағына үлкен қауіп төндіруде.
Топан судан қорғанып, зардаптарын болдырмас үшін қазірде Атырау қаласының айналасына бөгеттер жасалып, құм толы қаптардан қорғандар тұрғызылуда. Бұған дейін айдың алғашқы аптасында Жем өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан Құлсары қаласы да қарғын судың ортасында қалған еді. Қала тұрғындары толығымен көшіріліп, облысымыздың барлық аудан, қалаларында дайындалған эвакуациялық пункттерге орналастырылуда. Көптеген маңғыстаулық азаматтар арнайы техникалармен, көліктермен Атырау облысына көмекке барып, күндіз-түні тынбай еңбек етуде.
Ал жерлестеріміз бүгінде тасқын судан зардап шегушілерге гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын жалғастыруда. «МАЭК» ЖШС ұжымы да бұл игі шарадан тыс қалмай, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешектердің алғашқы легін кеше қаладағы орталық мешітте орналасқан азаматтарға жеткізген болатын. Ал бүгін көмекке жиналған бұйымдардың тағы бір легі 6 шағын ауданда орналасқан Жастар орталығындағы көмек жинау пунктіне жеткізілді.
– Қаладағы барлық эвакуациялық орталықтарға көмекке келушілер өте көп. Солардың қатарында біздің кәсіпорынның қызметкерлері де бар. Осы тосыннан келген табиғи апаттан зардап шеккен отандастарымызға қолдан келген көмектерін көрсетуге қатысқандардың барлығына алғыс айтамыз. Бүгін біз әріптестерімізбен бірге күш біріктіріп, үлкен және игі іс жасай алатынымызға тағы да көз жеткіздік, – деп атап өтті волонтер, ЖҚСЦ қызметкері Анна Фетисова.
Тасқын судың қаупі әлі де азаймай тұр. Сондықтан, еліміздің төтенше жағдай жарияланған аймақтарында су тасқыны салдарын азайту мақсатындағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Елде қалыптасқан осы қиын жағдайдың тезірек беті қайтып, ауылын, үй-жайын тастап шығуға мәжбүр болған жандар тезірек туған жеріне аман-есен қайтсын деп тілейміз.
Жақсылық зая кетпейді, сондықтан су тасқынынан зардап шегіп, біздің қолдауымызға мұқтаж болған бауырларымызға көмек көрсетуді жалғастырайық!