Кәсіпорындағы «Quatty Arular» әйелдер клубы кәсіби мереке қарсаңында қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Үш күнге созылған жәрмеңкеге бірқатар қызметкерлер өздері тоқыған түрлі тоқыма бұйымдары, ойыншықтар, спорттық киімдер, өздері пісіріп әкелген тәттілерін әкелсе, енді бірқатары оларды сатып алып, қаржылай үлес қосты.
«Өзіміздің кәсіби мерекеге арналып өтіп жатқан апталық аясында біздің клубтың қыз-келіншектері де осы жәрмеңкені өткізіп, сауапты іс жасайық деп шешті. Осы үш күн ішінде әріптестеріміздің қолдарымен жасалған түрлі бұйымдарды, кондитерлік пісірмелерді сатып, үш жүз мыңға жуық қаржы түсірдік. Түскен қаржыға кәсіпорында еңбек ететін, көп балалы немесе мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған қызметкерлеріміздің балаларына жаңа жылдық сыйлықтар алып бердік. Қайырымдылық шарасына атсалысқан, жүрегі жұмсақ, жанашыр ұжымдастарымызға алғыс айтамыз», – дейді «Quatty Arular» әйелдер клубының төрайымы Гүлмира Төлегенова.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді халық даналығы. Ендеше, өзімізді қоршаған ортада қамқорлық пен қолдауды қажет ететін жандар бар ма, назар аудара жүрелік. Болса, ол жандарға қол ұшын беріп, көмек көрсетуден аянбайық!