22.11.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Еңбек ардагері өмірден озды. Некролог

2022 жылғы 25 наурызда Ақтау қаласының Құрметті азаматы, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС еңбек ардагері, журналист және тарихшы Қолғанат Нұржаубайұлы ұзаққа созылған ауыр науқастан 70 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Қолғанат Нұржаубайұлы 1953 жылы 28 ақпанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданында дүниеге келді. 1975 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетін тәмамдаған. 1975 жылдан 1977 жылға дейін Ақтау қаласында жаңадан ұйымдастырылған облыстық өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі, директоры болып жұмыс істеді (ол кезде – Шевченко қаласы). 1977 жылдан 1984 жылға дейін облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының басшысы қызметін атқарып Маңғыстаудың өлкетану, тарихын зерттеу ісіне елеулі еңбек сіңірді.

1984-1987 жылдары Халық депутаттары Маңғышлақ облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің нұсқаушысы, меңгерушісі, 1987-1990 жылдары Ақтау қаласы Атқару комитеті төрағасының көмекшісі, 1990-1993 жылдары Маңғыстау облыстық атқару комитеті төрағасының көмекшісі, бақылау секторының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

1993-1999 жылдары Маңғыстау облыстық кеден басқармасы бастығының орынбасары болды, облыста кеден ісінің аяғына тұрып, нығайып дамуына ат салысты.

2000-2002 жж. «Үш қиян» ЖШС төрағасы болып істеп, Маңғыстауда тұңғыш «Үш қиян»  республикалық тәуелсіз  басылымының негізін қалады, аймақтың шешуін күткен күрделі мәселелерін батыл көтеріп, өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

2002 жылдың қаңтар айынан бастап «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің еңбек жолын жалғастырып, кәсіпорынның имиджін көтеру және тұтынушылармен, Бұқаралық ақпарат құралдарымен диалогты нығайту жұмыстарын жандандырды, комбинаттың Қоғаммен байланыс жөніндегі бөліміне басшылық қызметін атқарды.

Қолғанат Нұржаубайұлы «Аманат» партиясының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі ретінде қала мен облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты.  Түрлі тақырыптардағы мақалалары қалалық, облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланып тұрды. «Таушық – құт мекенім», «Емші», «Шәмбілдің шаңырағы» және т. б. шығармалардың авторы.

Ақсақал энергокомбинатының дамуына қосқан үлесі үшін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС еңбек сіңірген қызметкері», «Қазақстанның электр энергетикалық бірлестігінің құрметті энергетигі», «Қазақстан Республикасының атом өнеркәсібінің 3-дәрежелі Еңбек сіңірген қызметкері» наградаларымен марапатталған.

Қолғанат Нұржаубайұлы Маңғыстау облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен, «Маңғыстау облысына 40 жыл», «Ақтау қаласына 50 жыл», «Ақтау қаласына 55 жыл», «Қазатомөнеркәсіпке 15 жыл», «МАЭК-ке 50 жыл» мерейтойлық белгілерімен марапатталған.

Қолғанат Нұржаубайұлы  бес бала тәрбиелеп  өсірген үлкен жанұя басшысы болды. Бүгінде олардың  әрқайсысы өз жолын тауып, білім алып,  отбасын құрған.

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС басшылығы мен ұжымы мезгілсіз өмірден өткен  Қолғанат Нұржаубайұлының отбасына қайғырып көңіл айтады. Ақсақал көп жылдар кәсіпорын абыройы үшін адал еңбек етіп, өз қызметін жауапкершілікпен атқарды.

Қолғанат Нұржаубайұлымен қоштасу және жерлеу рәсімі 2022 жылғы 27 наурызда сағат 09.00-де Ақтау қаласы, 24-шағын аудан №13 үйде өтеді.