Амал күні! Көршілермен көрісуден басталатын бұл айтулы мерекенің қызығы мен той-думаны көгілдір көктемнің соңына дейін созылады. Мүмкін, ертеректе ауыл-аймақ, ағайындар аз күнде атап өткен болар. Бірақ, бүгінгі заман ағымы ұлыстың ұлы күнін айларға ұластырды десек болады. Біреу вахтада, біреу жолсапарда, біреуі шетелде, біреу қырда, біреуі Астанада. Әйтеуір, амалда арасын тауып үлкендерге құрмет көрсету, көрісу кішілердің міндеті. Сол парызымызды орындау үшін әрқайсымыз Амалда «үлкен үйде» бас қосқан ағайындармен амалын тауып көрісуге тырысамыз. Әттең, жұмыс күнге тап келсе айлап «ағайын» аралайсың... Сондайда «мерекелік үш күн демалыс амалда болғанда ғой» деп қалатынымыз бар. Не дегенмен, бұл күн маэктіктер үшін көңілсіз өтпейді. Таңертеңнен тай қазандар асылып, киіз үйлер тігіліп, түске қарай кәсіпорын қызметкерлері мерекені бастап кетеді.
Биыл да комбинаттың көп ұлтты ұжымы бұл мерекені бар салтанатымен қарсы алды. Жиналған көпшілік бірін-бірі құттықтап, қол алысып көрісіп, жақсы тілектерін арнауда. Жайылған дастархандарға түрлі ұлттың ас мәзірлері қойылған. Бауырсақ, құрт, балқаймақ, қазы-қарта, жал-жая, ірімшік пен уыз, табақ-табақ қазақ еті, сірне, наурыз көже, шұбат пен қымыз да бар. Қос етек көйлек, кажекей мен камзол киген маэктің қыз-келіншектерінің келбетіне көзің сүрінеді. Жаулығы желмен желбіреген әжелер отыр ұршығын үйіріп. Орамалын қайыра байлап, оюлы бешпет киінген орта жастағы апаларымыз да ортаның сәнін келтіруде.
Комбинаттың бас директоры Қайрат Абдрасилов «Бүгін тамаша мереке, керемет күн, алшаң басып Амал келді, жыл келді! Жастарыңыз құтты болсын! Отбастарыңа амандық, бақыт, еңбектеріңізге жеміс, дендеріңе саулық тілеймін! Ақ мол болсын ағайын!» деп мерекеге жиналған көпшілікке ақ тілегін арнады. Одан соң алаңға тігілген үйлерді аралап, комбинат бөлімшелерінің ұжым мүшелерін ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Бөлімшелер бұл күні өнерпаздар байқауы, ұлттық киімдер көрсетілімдерінен бәсекеге түсті. Маэкте еңбегімен ғана емес талантымен де танылып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы жандар жетерлік. Дегенмен, облысқа белгілі әнші, күйшілері бар Автокөлік басқармасының жігіттері бұл жолы да алдарына жан салмай, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Әнді бимен ұластырған Жөндеу-құрылыс цехы екінші орынды, бар өнерін паш еткен ЖЭС және Қауіпсіздік қызметінің ұжымдары үшінші орынды бөлісті.
Ұлттық киімдер байқауында қазақтың әдемі шапаны мен тымағын киіп көзге түскен көркем жігіт Әкімшілік-шаруашылық қызметінің бөлім басшысы М.Ешжанов бас жүлдені иеленді. Екінші орын ДӨжӨЖСҚЗ қызметкері А.Гапбаровқа бұйырды. Бойжеткеннің ұлттық киімін жарастыра киген автокөлік басқармасының аруы Е.Дегтярева бірінші, келіндердің киім үлгісін көрсеткен Қауіпсіздік қызметінің сұлуы Г.Атантаева екінші, жасына лайық ұлттық киім үлгісімен ДӨжӨЖСҚЗ қызметкері Ж.Байназарова үшінші орынды жеңіп алды. Алаңда бұдан өзге де сайыстар өткізіліп, 16 килолық кір тасын бастан асыра 62 рет көтерген Ақпарат қорғау бөлімінің басшысы В. Төлегеновтің күші, тігілген асықты шиырып тұрып атып шашып жіберген кәсіпорынның бас директоры Қайрат Абдрасиловтің мергендігі көрермендерді тәнті етті. Алаңның бір бұрышында жігіттер жағы жиналып, кезек-кезек ләңгі теуіп, балалық шағын еске түсіріп, мәз болуда. Осылайша, амал күнгі ақ жарқын мерекенің қызығы түс ауғанша жалғасты.
Отпан тау басында «бірлік отын» жағудан басталған амал мерекесі қарт Каспийдің жағасында әз Наурыз мейрамына ұласты. Теңіз жағасына тігілген киіз үйлердің қатарына «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де өз шаңырағын көтеріп, ақ дастарханын жайды.