Қадірлі ұжымдастар!
Сіздерді мерейлі мереке - кәсіпорынның 55 жылдығымен құттықтаймын! Комбинаттың қалыптасуы, өркендеуі мен дамуына үлкен үлес қосқан ардагерлерге, аға буынның дәстүрлі жолын жалғастырып, бүгінде халық игілігі үшін еңбек етіп жатқан әріптестерге алғысымды білдіремін!
«МАЭК» - өңірлік экономиканың дамуында басты орын алатын стратегиялық кәсіпорындардың бірі. Облыстың тұрақты дамуы мен тұрғындардың жайлы өмірі комбинаттың қызметіне тікелей байланысты, сондықтан Біз бен Сізде туған жерге деген махаббат пен жоғары патриоттық рух болуы тиіс деп ойлаймын. Біздің комбинаттың әр қызметкері мұндай асыл қасиеттерге ие және олар өз жұмысының маңыздылығын терең түсінеді деп сенемін.
Өңірдің инфрақұрылымы қарқынды дамып, жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде, қаламыздың көлемі де, құрылыс қарқыны да өсіп келеді. Экономиканың серпінді дамуы энергетиктердің алдына жаңа міндеттер қояды. Жарты ғасырдан астам үздіксіз жұмыс істеп тұрған комбинаттың жабдықтарын жаңартып, жаңа өндірістік объектілер салатын кез жетті. Осы мақсатта арнайы комиссия құрылып, жаңғырту бағдарламасы жасақталды. Қазірде осынау маңызды жоспарды жүзеге асыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Кәсіпорын тарихындағы аса жауапты кезеңде негізгі міндеттерді білімі мен білігі мол, кәсіби тәжірибелі мамандарымыз абыроймен атқаратыны сөзсіз.
Құрметті әріптестер! Ел игілігіне бағытталған барша бастамаларымыз сәтті жүзеге асырылып, ортақ мүдде жолында табысты еңбек ете берейік! Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, сәттіліктер мен шексіз қуаныш, бақыт тілеймін!
«МАЭК» ЖШС Бас директоры Жасұлан Сүйіншалиев