Қиялы көкке өрлейтін балапан балалар осы бір алып динозаврлар еліне барып, олармен суретке түсіп, ежелгі әлемге оймен болса да саяхаттап қайтатын болар. Сондай ғажайып әлеммен жүздесу мүмкіндігін кәсіподақ мүшелерінің балалары үшін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» Жергілікті кәсіподағы» ҚБ жасады.
Ақтауда алғаш рет өткен динозаврлар шоуына 150 билет сатып алынып, комбинаттың 17 бөлімшесіндегі жергілікті кәсіподақ мүшелеріне таратылды.
Балалар бағдарламаны үлкен қуанышпен таңдана тамашалады, керемет жануарлар туралы таңғажайып әңгімелер тыңдады. Көрсетілім барысында сабын көпіршіктері шоулары, клоундар, трансформер мен сиқыршылардың қойылымдары ұйымдастырылды. Балалар әртістер таратқан түрлі-түсті шарларын бұлғап, сахнадағы көріністерді белсенді қолдап, кішкентай алақандарын жиі-жиі соғумен болды.
- Шоу балаларымызға керемет ұнады. Бағдарлама өте жарқын, түрлі-түсті, музыкамен әдемі әрленген. Көрсетілім жағымды және жарқын эмоцияларға толы әрі қызықты болды. Балаларымызға керемет көңіл-күй сыйлаған Жергілікті кәсіподақ ұйымына ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды арнағым келеді, - дейді кәсіподақ ұйымының мүшесі Алтынай Ғұбайдуллина.
Жергілікті кәсіподақ атынан балаларға арналған сыйлықтар мұнымен бітпейді. Алдымызда жазғы демалыс. Қазірде комбинаттың кәсіподақ ұйымының қызметкерлері кәсіподақ мүшелері балаларының Қостанай облысындағы «Болашақ» балалар лагеріндегі жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесін пысықтауда.