26.12.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған

         Кәсіпорынның Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің ұжымы «МАЭК-Қазатомпром» Жергілікті кәсіподағы» ҚБ бірге қаладағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін қонаққа шақырып, қайырымдылық шарасын өткізді. Мамандар балаларға өрттің қаупі мен салдары, қорғану жолдары, өрт сөндірушінің күрделі қызметі туралы әңгімеледі. Кішкентай қонақтар өрт сөндіру құралдарымен, техникаларымен танысып, ұжым қызметкерлерімен естелік суретке түсті. Бөлімше алаңында ұжымдастар бүлдіршіндерді ән-жырмен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Балалар да көңілденіп, дөңгелене би билеп, ән салып аға-апаларын өнерлерімен тәнті етті.

         Орталық алаңға тігілген ағаш үйге тағам түрлері мен тәттіге толы мол дастархан жайылды, балапандар құрметпен төрге отырғызылды. Бөлімше басшысы Вусал Юсифов бастаған әріптестер кішкентай қонақтарға жылы сөздерін арнап, бар дәмдіні алдарына тосып, сый-құрмет көрсетті. Кәсіпорын Бас директорының өндіріс және БН-350 РҚ бойынша бірінші орынбасары Мұрат Иғалиев және Өнеркәсіп қауіпсіздігі департаментінің директоры Андрей Могилин балаларға ақ тілектерін жеткізіп, болашақта комбинатқа маман болып келуге шақырды.        

         «Біздің қайырымдылық шарасын өткізу туралы ұсынысымызды бірден қолдаған басшылыққа рахмет айтамыз. Енді міне, бүгін балалар ортамызда, күліп-ойнап, әнін салып, би билеп, тәттілер жеп мәз-мәйрам. Біздің де мақсатымыз сол осы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балапандарды біз мезгіл қуантып, көңілін жадырату, әңгімелесіп, сырласу. Осы шараны ұйымдастырып, өткізгенімізге өзіміз де риза болып тұрмыз.  Өйткені, мына балалардың бақытты сәттерін көріп, бірге қуанудың өзі қандай керемет десеңші, дейді бөлімше басшысы Вусал Юсифов.

         Балалар ауылы тәрбиеленушілері үшін осындай қызықты шара өткізіп, қайырымдылық көрсеткен комбинат ұжымына мемлекеттік мекеменің директоры Айгүл Байбатырова Алғыс хат табыстады.