Жылдағы дәстүр бойынша "МАЭК" ЖШС-нің ұжымы 14 наурызда шуақты көктемнің тағы бір мейрамы - Амал мерекесін атап өтті. Таңертеңнен бір-бірімен қол алысып көрісіп, әріптестеріне мерекелік ақжарма тілектерін арнаған кәсіпорын қызметкерлері бұл күнді ерекше көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Комбинаттың орталық алаңына бірнеше киіз үйлер қатар-қатар тігіліп, ішіне кең дастархандар жайылды, қонақтарға түрлі ұлттық тағамдар мен наурыз көже ұсынылды. Көпұлтты кәсіпорын ұжымдарының дастархандарындағы ас мәзірі де алуан түрлі. Киіз үйдің иелері келген қонақтарды дөңгеленген бимен, ән-жырмен қарсы алуда. Ұлыстың ұлы күні МАЭКте 20 жылдан бері ең басты мерекелердің бірі ретінде кең көлемде аталып өтеді.
Кәсіпорын ұжымын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Бектемір мен өңірлік ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов Амал мерекесімен құттықтап, жаңа жылға жақсы тілектерін арнады.
Киіз үйдегілер қонақтарды ыстық бауырсақтар мен пирогтармен, палаумен және шұбатпен қарсы алып жатқанда, басқа қызметкерлер ойындар мен конкурстарға қатысып, бақтарын сынады. Қыз-келіншектер қой жүнінен жіп иіріп шеберлігін көрсетті, ал ер адамдар кір тасын көтеруден, асық ойнаудан, лянга тебуден жарысқа түсті.
Мереке аясында зауыт алдындағы аумақта комбинаттың бас директоры мен қонақтары бірнеше түп акация көшеттерін отырғызды.
- Кәсіпорын аумағын көгалдандыру жұмыс орнын абаттандыру ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны тазартуға көмек болып табылады. Бұл іс-шараның көктемгі жаңару күні ұйымдастырылғаны да кездейсоқ емес. Сіздердің еңбектеріңізге жеміс, әр қадамдарыңызға сәттіліктер тілеймін!, - деп атап өтті ардагер ақсақал Серікбай Төлетов.
Мерекеде айтылған тілектер қабыл болып, Ұлыс оң, ақ мол болғай ағайын!