14 наурыз күні «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Амал мерекесін атап өтті. Кезекті жұмыс аптасын ұжымдастар бір-біріне жаңа жылдық тілектерін арнап, қол алысып көрісуден бастады. Кәсіпорында бірнеше жылдан бері мерекеленіп келген бұл мейрамды соңғы екі жылда елдегі эпидахуалға байланысты атап өту мүмкіндігі болмады.
Тіпті сол індеттен қорғану үшін Амалдың басты дәстүрі - көрісуге де тиым салынды. Жер бетін жайлаған ковид індеті елдердің экономикасын тұралатып, қаншама адамдардың өмірін қиды... Адамзат екі жылда осы індеттің бірнеше түрі мен кезеңдерінен өтіп, соңғы айларда ғана тәжвирустың әсерін еңсеріп келеді. Қазірде біздің облысымыз бұл аурудың таралу көрсеткіші бойынша жасыл аймақта. Сол себепті келіп жеткен биылғы Амал мерекесін маңғыстаулықтар ерекше қуанышпен қарсы алуда.
Дегенмен, жыл басында елімізде орын алған толқулардың салдарынан бірнеше адамның қаза болуы, оның үстіне қазіргі кездегі көрші елдер арасындағы саяси текетірес, әскери қақтығыстарға алаңдаулы халқымыз мерекені бұрынғыдай ән-жырмен, сән-салтанатымен өткізбей, бір-біріне жақсы тілектерін арнаумен шектелуде.
Амал күні таң сәріден кәсіпорынның орталық алаңына бөлімшелер өз киіз үйлерін тігіп, дастархан жайып, қонақ күтуге дайындалды. Жайылған дастархандарға түрлі ұлттың ас мәзірлері қойылған. Бауырсақ, құрт, балқаймақ, қазы-қарта, жал-жая, ірімшік пен уыз, табақ-табақ қазақ еті, сірне, наурыз көже, шұбат пен қымыз да бар. Түскі үзіліс кезінде орталыққа жиылған әріптестер бір-бірін мерекемен құттықтады, емен-жарқын көрісіп, дастарханнан ауыз тиіп, үлкендер амалға ақ батасын арнады.
Басшылық атынан сөз алған кәсіпорын Бас директорының орынбасары Мұрат Иғалиев «Жаңа жыл жақсылығымен, сәттіліктерімен, молшылығымен келсін! Ауыртпалықтардың барлығы өткен жылдарда қалып, алдағы жылдар жақсылықтарымен жетсін! Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ қызметімізге жеміс тілеймін! деген мерекелік тілегін жеткізді.
Биылғы Амалдың ақша қары тура Амал күні жауып, маңғыстаулықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Табиғат келіп жеткен жайсаң мезгілдің жайлылығын сездіріп, самал желін, көктемгі ақ жаңбырын, жүрекке жылу үйірер ерекше сән-саламатын сыйға тартуда. Өткен жылғы қуаңшылықтан көп зардап шегіп, қыс бойы қар көрмеген маңғыстаулықтар бұл көктемнен көп үміт күтуде. Иә, дамудың жаңа бағытын ұстанып, қайта құруға алғашқы қадамдарын бастаған Жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болсын!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС баспасөз қызметі