Маңғыстау облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бақтыбай Шелпеков пен Сүйіндік Алдашев өңірге жұмыс сапары аясында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де болды. Облыс әкімдігі өкілдерімен және энергокомбинат басшылығымен кездесу барысында тұрғындарды энергоресурстармен және ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктері, кәсіпорынның өндірістік кешендерінің ағымдағы жай-күйі мен оларды жаңарту жөніндегі жоспарлары талқыланды.
МАЭК Ақтау қаласын, өнеркәсіптік аймақты, Ақшұқыр кентін және Сайын Шапағатов кентін сумен қамтамасыз етеді. Өткен жылғы жазғы маусымда осы аумақтың тұрғындары тәулігіне 52 мың м3 ауыз су тұтынған. Бұл комбинаттың ауыз су дайындау станциясының ең жоғары жұмыс қуаты.
- Бүгінгі таңда комбинат тәулігіне 42 мың текше метр ауыз су өндіруде, ал 15 маусымға қарай жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін өндіріс көлемі мүмкін болатын ең жоғары деңгейге, яғни тәулігіне 52 мың текше метрге дейін ұлғайтылады. Қолданыстағы сегіз су тұшыту қондырғысының бесеуі кеңес уақытында қолданысқа берілген және қызмет ету мерзімі едәуір асып кеткен. Қондырғылар физикалық және моральдық тұрғыдан әбден ескірген және оларды жұмыс жағдайында ұстау үшін жасалатын жөндеу жұмыстарына айтарлықтай материалдық шығындар жұмсалуда. 2008 және 2014 жылдары үш жаңа заманауи су тұшыту қондырғысы орнатылды. Өкінішке орай, олардың екеуі бастапқыда мәлімделген өнімділік көлемін көрсете алмады. Аталған олқылықтарды жою жұмыстарын мердігер компания күні бүгінге дейін жалғастыруда. Сонымен қатар су тұшыту кондырғылары кешенін жаңарту бойынша жұмыстарды, бұған дейінгі теріс тәжірибелерді ескере отырып жалғастыру қажет. Бұл мәселеде бізге Маңғыстау облысының әкімдігі көмек көрсетуде. Қазір әкімдік тапсырысы бойынша МАЭК аумағында тәулігіне жалпы қуаты 24 мың м3 дистиллят болатын екі қондырғының құрылысын жобалау басталды. Жаңа қондырғылар іске қосылғаннан кейін ескі жабдықтардың бір бөлігі пайдаланудан шығарылады. Жобаны іске асыруға қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Ал электр энергиясын өндіру мәселесіне тоқталсақ, бүгінде комбинатта өңірдің ағымдағы және перспективалық қажеттілігін сенімді өтейтін резервтік қуаттың жеткілікті қоры бар, алайда электр энергиясын өндіретін жабдықтардың 78 пайызының тозығы жеткені өткір мәселе болып тұр. Қазірде бұл қиындықтардан шығудың да жолдары қарастырылуда, - деп атап өтті Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары-бас инженер Игорь Чернецкий.
- Жаңаөзен қаласы, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы аудандарында тұрғындарды сумен жеткілікті қамтамасыз ету үшін бірнеше су тұшыту қондырғыларын салу жобалары қолға алынуда. Бұл жоспарлар тиімді және нақты болуы керек, кейін тұрғындардың игілігі үшін толыққанды жұмыс істеуі тиіс, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері болмауын қадағалау қажет, - деп атап өтті ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков.
Сенат депутаттары өз тарапынан атқарылып жатқан барша жұмыстарды қолдайтынын және карантиндік жағдайға қарамастан өмірлік ресурстар өндірісін тоқтаусыз жүргізуді қамтамасыз етіп отырған ұжымға, кәсіпорын басшылығына ризалығын жеткізді.
Гүлбаршын Байназарова