15.11.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Амал келді, жыл келді!

                                                                                                                                               Амал күні қазағым көріседі,

                                                                             Көрісу, бұл – көненің желісі еді.

    «Жасың құтты болсын!» деп жамырасып,

                  Ақ ниетпен адал қол беріседі.

                                                                                Көріседі – «Көңілдер жібісін» деп,

                                                                                               Көріседі – «Тасысын ырысың!» деп.

                                                                                       Көріседі – «Көк мұз да жылысын» деп,

                                                                                    Көріседі – «Оң болсын Ұлысың!» деп... 

Рахат Қосбармақ

 

            Маңғыстаулықтар әз наурыздағы Амал мейрамын 13 наурыз күні кешке  Отпан тауда  ынтымақ пен татулықтың, ырыс пен берекенің белгісі  саналатын бірлік отын жағумен бастайды. Биыл мұндағы мерекелік шара  Маңғыстау облысының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, барлық карантиндік талаптар сақтала отырып, шағын топпен өткізілді. Өткен жылы әлемді жайлаған жұқпалы дерттің өршуіне байланысты  Алауды жағу дәстүрін өткізу мүмкіндігі болмаған еді. Ол кезде халықтың денінің саулығы мен амандығы басты назарда  болды. Биыл да бұл аты жаман аурумен күрес жалғасуда, түпкілікті құтылу әзір мүмкін болмай тұр. Елді ортақ мүддеге жұмылдырып, татулыққа шақыратын әрі егемендік жолында жандарын пида еткен бабалар рухына тағзым ететін бұл қалыптасқан дәстүр жалғасын табуы үшін бұл жолы арнайы рұқсатпен, облыс әкімі Серікбай Трұмов бастаған шағын топ Отпан таудың басына жиылып, бірлік отын жақты, ақсақалдар батасын берді.  

Биыл 14 наурыз жексенбі күнге дәп келіп, түбек халқы таң атысымен көрісу рәсімін  көрші-көлемнен бастап, туған туыстардың отбасында жалғады. Бұл күні жасы кішілер ақсақалдар мен  ақ жаулықты әжелерге барып  көрісіп, сый-сыяпат жасап, батасын алады. Әр үйде мол дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып,  ағайындар бас қосып, мәре-сәре  амандасып, есендігін сұрасады, дәмдеп пісірілген наурыз көжеден ауыз тиіп, бір-біріне жүрекжарды тілектерін арнайды. Бүгінде халықтың «Әлемді жайлаған жұқпалы дерт жер бетінен тезірек жойылсын! » деген ортақ тілегі бар. Лайым, солай болғай! Осыншама уайым, қайғы алып келген жаман аурудың атын ауызға алғың да келмейді шынында...

Амал мерекесін біздің комбинатта да былтыр, биыл  бұрынғыдай кең көлемде атап өте алмадық. Бәрі де сол, карантиндік сақтық шараларына байланысты ғой. Дегенмен, комбинаттың  бөлімшелерінде, асханаларда ұлттық тағамдар қойылған шағын дастархандар жасалып, ұжымдастар бір-біріне тілектерін, жылы лебіздерін арнады.

«Былтырғыдан биыл шүкірлеу, кішігірім дастархандар ұйымдастыруға мүмкіндіктер болды. Өткен жылы осы наурыз айында біздің елімізде алғашқы ковид ауруы тіркеліп, қатаң шектеу шаралары басталған болатын. Одан кейінгі жағдайлар да жақсы болған жоқ. Алдағы жыл Амал мерекесін ел болып тойлауға жетейік. Жамандықтың беті аулақ болып,  еліміз өркендей берсін. Әр отбасына амандық тілеймін!»,-дейді Шаруашылық қамту учаскесінің басшысы Балжан Аманжолова.

Жаңа жылды қарсы алу салтанатын өзге өңірлерден ертерек бастайтын Маңғыстау халқы үшін бұл нағыз думанды ай болып саналады. Қарға тамырлы қазақтың туыс-тумаластары мен құда-жекжаты жетерлік. Бұл күннен басталған көрісу салты бір күнмен шектелмей, сонау сәуірге дейін созылары сөзсіз.

Бүгін тамаша мереке, керемет күн, алшаң басып Амал келді, жыл келді! Жастарыңыз құтты болсын! Отбастарыңызға амандық, бақыт, еңбектеріңізге жеміс, дендеріңізге саулық тілеймін! Ақ мол болсын ағайын!

                                                                                               Гүлбаршын Байназарова

IMG 8063