Жылдағы дәстүр бойынша энергетиктер мерекесі тұсында «2020 жылдың үздік қызметкері» атағына ие болған әріптестеріміздің тізімі белгілі болды.
Өткен төрт тоқсанда кәсіпорындағы өндірістік процеске ерекше үлес қосып, жоғары кәсіби шеберліктерін танытқан бөлімшелер мен цехтардың төрт жұмысшы, қызметкері осы абыройлы атаққа лайық деп табылды.
«Кәсіпқойлық және шеберлік» номинациясында жоғары кәсіби нәтижелерге қол жеткізгені үшін Желілер және қосалқы станциялар цехының электр монтері Ерлан Арысұлы Көшбаев «2020 жылдың үздік қызметкері» атағымен марапатталды.
41 жастағы Ерлан Арысұлы бұл цехта 2005 жылдан бері еңбек етеді. Оның қызметтік міндеттеріне СРП-1 қосалқы станцияларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және электр коммуникацияларының жарамдылығын мониторингтеу, желідегі және пайдаланылатын жабдықтардағы зақымданулар мнемосхемада байқалған жағдайда жөндеу бригадаларына жедел хабарлап, уақытында қалыпқа келтірілуін қадағалау кіреді.
********************************************************************************************************************************************************************
«Тәжірибе және тәлімгерлік» номинациясында Радиациялық технология және техникалық диагностика орталығының химиялық талдау зертханашысы Малинникова Анна Петровна үздік деп танылды.
Анна Петровна кәсіпорындағы еңбек жолын 2001 жылы Күзет қызметінің бақылаушысы лауазымымен бастады. Үш жылдан соң Химиялық, экологиялық және радиациялық бақылау қызметіндегі газ бен шаңды талдау жөніндегі зертханашы қызметіне ауысты, ал бөлімше РТжТДО-мен біріктірілгеннен бері химиялық талдау зертханашысы қызметін атқарып келеді. Анна Петровна бүгінде өз ісін жетік меңгерген мақтаулы қызметкер, жастарға тәлімгер, тәжірибелі маман.
- Тәлімгер болу - бұл жұмысқа жаңадан келген тәжірибесіз әріптесіңмен бірге жүру, оны қызметке бағыттау, білгеніңді үйрету. Бірақ, оның қызығушылығы, ынтасы болмаса, қиын болатыны сөзсіз. Керісінше, жұмыс істеуге талаптанып, көбірек білгісі келіп тұратын адам келсе тіпті жақсы, онымен қызметтес болу да қызықтырақ. Қателік жіберсе де, өз міндетін уақытында орындауы маңызды. Ең бастысы, ол өз жұмысын қадағалап, міндеттерін бірте-бірте түсіне бастайды. Ең жаманы, шәкіртіңнің үндемегені, ештеңе сұрамағаны, ондай кезде оған ұжыммен байланыс орнату да, бірдеңе үйрену де мүмкін болмайды», - дейді Анна Петровна Малинникова.
************************************************************************************************************************************************************************
Жылдың ең жас үздік қызметкері «Үміт пен болашақ» номинациясының иегері атанған 25 жастағы Ізтұрғанов Есбол Ізтұрғанұлы Жөндеу зауытында 2016 жылдан бері еңбек етеді.
- Мен осы зауыттағы жұмысымды алғашқыда жылу технигі болып бастағанмын. Ал қазір цехта қазандық жабдықтарын жөндеу слесары болып қызмет етіп жүрмін. Тәлімгерлерім Ербол Қастұрғанов пен Есет Оспановтың арқасында осы бес жыл ішінде мен кәсіби маман ретінде қалыптасып, өз ұжымымның маңдайалды жұмыскері атандым. Ол үшін ағаларыма үлкен рахмет айтамын. Біздің зауыт өндірістің кідіріссіз жұмысын қамтамасыз ететін жауапты бөлімшелердің бірі. Менің ұжымымда осы міндетті терең түсінетін, ортақ нәтижеге бір кісідей жұмылатын, өзара көмек көрсетуге дайын өңкей білікті, мықты жігіттер жұмыс етеді. - деп бөлісті Есбол.
*******************************************************************************************************************************************************************
Көшбасшылық әлеуеті және кәсіби біліктілігі үшін Жылу электр станциясының электр слесарі Арнұр Леонидович Тулекбаев «Тиімділік және нәтиже» номинациясында «Үздік қызметкер» атанды. Ол кәсіпорындағы еңбек жолын 2016 жылы Байланыс цехының 3-ші разрядты электромонтері болып бастаған. Екі жылдан соң Жылу электр станциясына ауысып, бүгінгі күнге дейін осында электр станцияларының автоматикасы мен өлшеу құралдарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электр слесарі болып жұмыс істейді.
- Бұл мен үшін алғашқы және күтпеген марапат болды. Басшылық пен ұжымға маған көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін рахмет айтамын. Мен осы көрсетілген сенімді ақтап, біліктілігімді арттырып, одан әрі өсу үшін бар күшім мен білімімді жұмсауға тырысамын, - дейді Арнұр Төлекбаев.
Гүлбаршын Байназарова