Жыл сайын 18 мамырда әлем елдері Халықаралық мұражайлар күнін атап өтеді. Маңғыстау облысының аумағында қазіргі кезде бірнеше мемлекеттік, ведомстволық және мектеп мұражайлары жұмыс істейді. Олардың қатарында біздің кәсіпорынның мұражайы да бар. Мұндағы қызметкерлер комбинаттың 51-жылдық тарихын көрсететін құжаттар мен экспозицияларды жинақтап, үнемі толықтырып отырады.
МАЭК мұражайы 2005 жылы комбинаттың тәжірибелі мамандарының және еңбек ардагерлерінің күшімен жасақтала бастады. Алғашқыда кәсіпорын суретшілерінің көмегімен бір экспозициялық зал ашылды. Содан кейін 2009 жылы мұражай қызметкерлері мен О.В.Шлычков бастаған арнайы шақыртылған суретшілер тобы бірлесіп, қосымша экспозициялық жұмыстар жүргізді. Қазіргі уақытта кәсіпорын мұражайы төрт залмен қамтылған.
Комбинатқа келген қонақтар алдыменен біздің мұражайға келіп, кәсіпорынның қызметімен, тарихымен танысады. Келушілер бүкіл бір өңірдің тіршілігін қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп тұрған осындай ірі кәсіпорынның қалыптасуына атсалысып, маңдай тер төккен ардагерлерге, олардың ісін жалғастырушы, комбинаттың бүгінгі майталман еңбеккерлеріне алғыстарын білдіреді. Өткен жылы мұражайда мектеп оқушылары мен студенттер, 3502 әскери бөлімінің сарбаздары және комбинат қонақтары, барлығы 971 адам қатысқан 70 экскурсия өткізілді. Осы жылы карантинге дейін 18 экскурсия өткізіліп, 180-нен астам келушілер болды. Ал 15 наурыздан бүгінгі күнге дейін коронавирус індетіне байланысты экскурсиялар жүргізуге уақытша шектеу қойылды.
Мұражай қызметкерлері карантин кезінде іштегі қор жұмыстарымен айналысып, болашақта ұйымдастырылуы мүмкін стационарлық және көшпелі көрмелерге қажетті экспонаттардың түсіндірмелерін дайындап, есебін жасады. Жақын арада біз іштегі бос алаңдарға жаңа сөрелер қойып, экспозицияларды толықтырмақпыз. Ақпараттық-есептеу орталығы, Диспетчерлік және технологиялық басқару құралдары қызметі және экспозицияда әлі жоқ басқа да бөлімшелерге арналған стендтер мен витриналарды жасақтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, комбинатта қызмет еткен ғалымдарға, өндіріс ардагерлеріне арналған көрмелерімізді, БН-350 РҚ тарихына және Маңғыстау табиғатына арналған залдарды толықтырмақпыз.
Людмила Быкова