05.09.2025 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

 

Ғылымнан өндіріске

 

      БН-350 реактор қондырғысы - қазақстандық энергетика тарихындағы ерекше маңызы бар нысан. Ширек ғасыр ел игілігіне қызмет еткен қондырғы бүгінде қолданыстан шығарылу сатысында.  Айырықша айтар болсақ, осы күрделі процесстер жүргізіліп жатқан бөлімшені ғылымда, өнеркәсіпте және мемлекеттік басқаруда  тәжірибелері бар білікті маман басқарады. Біз оның кәсіби жолы, атом саласының сын-қатерлері және Қазақстандағы атом энергетикасының болашағы туралы білу үшін БН-350 РҚ директоры Марат Николайұлы Молдағұловпен әңгімелестік.

      - Марат Николайұлы, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет!. Әңгімені әріден бастайық. Химик мамандығын қалай таңдадыңыз? Қайда оқыдыңыз, кәсіби қызметіңізді қайдан бастадыңыз?

    Ата – анамның берген тәрбиесі мен кеңестері осы мамандықты таңдауыма,  өмірде өз орнымды табуға және жұмыс істеген кез келген ұжымда өзімді сенімді сезінуге көмектесті дер едім. Сонымен қатар, мектептегі мұғалімдер де маңызды рөл атқарды, олар бізге әрбір жасөспірімге қажет табандылық, ұқыптылық және жауапкершілік сияқты маңызды қасиеттерді сіңірді.

     1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (ҚазМУ) химия факультетіне оқуға түстім. Бірінші курстан кейін армия қатарына шақырылдым, біздің жастық шағымызда әскери қызметтен  бас тарту деген жоқ еді. Мен Германия елінде әскери борышымды өтеп, өте жақсы сарбаздар мектебінен өттім. Елге оралған  соң оқуымды жалғастырып, 1990 жылы университетті тәмамдадым.

      - Сіз химия ғылымдарының кандидатысыз. Кандидаттық диссертация қай жерде және қашан қорғалды және ол қандай тақырыпқа арналды?

     Университетті бітіргеннен кейін түлектерді жан-жаққа жұмысқа жіберді - ол кезде жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастырудың тамаша жүйесі болатын. Мен өз еңбек жолымды Әбікен Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының  зертханасында зертханашы болып бастадым.

    Уақыт өте келе, сертификаттау нәтижелері бойынша мен алдымен аға зертханашы, содан кейін екінші және бірінші санаттағы инженер, жетекші инженер болдым. Мені кіші ғылыми қызметкер ретінде бекіткен кезде институттың Ғылыми кеңесі маған зерттеу тақырыбын бекітті: «Полимерлі краун-эфирлер: алу жолдары мен қасиеттері». Бұл ретте менің жолым болды деп ойлаймын. Себебі, маған сол кезде бұрын зерттелмеген жаңа тақырыпты зерттеу жауапкершілігі жүктелді. Краун-эфирлер 1967 жылы ғана ашылған арнайы қосылыстар еді. Мен олардың жаңа нұсқаларын алу жолдарын ойлап таптым және олардың әртүрлі металл иондарымен қалай әрекеттесетінін зерттедім.

     1995 жылы осы тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Сол кезде Қазақстан ғылымы әлемдік ғылыми ортаға белсенді түрде ене бастаған еді және химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесімен бірге маған халықаралық дәреже - философия докторы (PhD) атағы берілді. Содан кейін мен институтта ғылыми қызметкер,  кейін аға ғылыми қызметкер лауазымдарын атқардым. Одан әрі зерттеу тақырыптары кеңейіп, ұжымға жаңа әріптестер мен аспиранттар келе бастады. Біз қырықтан астам ғылыми мақалалар жарияладық, құрамында азот және күкірт бар краун эфирлерін синтездеу, алу және қолдану әдістеріне патенттер алдық.

      - Сіздің кәсіби жолыңыз өте қызықты, түрлі салаларда қызмет етіпсіз. Ғылыми жұмыстан өндірістік кәсіпорынға жұмысқа ауысу қалай болды?

    Институтта аға ғылыми қызметкер болып жүрген кезде мен Павлодар химия өнеркәсібі зауыты басшылығынан ғылыми кеңесші қызметіне шақырту алдым. Бұл 90-жылдардың аяғы, ауыр дағдарыстар орын алған кезең болатын. Зауыттың негізгі өндірістік желілері тоқтап қалған, бұл өндірістің құлдырауына, сонымен қатар экологиялық салдарға әкелген.

     1975 жылдан 1993 жылға дейін осы химия өнеркәсібінде хлор мен каустикалық сода сынап катодымен электролиз әдісімен өндірілді. Технологияның ескіруі салдарынан  аумақтың ластануы орын алды - 900 тоннадан астам сынап және оның қосылыстары электролиз корпусының топырағына, қабырғалары мен едендеріне түсті. Шұғыл тазалау жұмыстары басталды: қорғаныс тосқауылдары тұрғызылды, топырақ, су және ауа мониторингі жүйесі орнатылды. Кейінірек комбинат екі кәсіпорынға бөлінді, мен Павлодар химия зауытының бас инженері болып тағайындалып, онда өндіріс пен экологиялық қауіпсіздікке жауапты болдым. Жұмыс көп, жауапкершілік үлкен болды. Сондықтан болар, ғылыми жұмыстан өндірістік кәсіпорын жұмысына қалай сіңіп кеткенімді байқамағаным.  

      - Сіз бір жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқардыңыз, бұл Сізге қаланың экономикалық және өндіріс саласы жұмыстарын бақылап, жүргізу жауапкершілігін жүктеді. Сонымен қатар, сіз қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаты болып сайландыңыз. Сіздің бұл еңбек тәжірибеңіз қазіргі зауыт директоры  ретіндегі рөліңізге қалай көмектеседі?

    2021 жылғы 1 қаңтардан бастап БН-350 реактор қондырғысы республикалық бюджеттен қаржыландырыла бастады. 2021-2022 жылдары ақша тікелей Энергетика министрлігінен түсті, ал 2023 жылдан бастап «МАЭК» ЖШС Маңғыстау облысы әкімдігінің меншігіне берілгеннен кейін қаржыландыру ел бюджетінен трансферттер арқылы жүзеге асырылады. Біздің қызметкерлер бюджеттік өтінімдерге құжаттар дайындайды, қаражатты игереді және есептерді қорғайды. Әкімдік пен мәслихатта жинақталған тәжірибе осы процестерді басқаруға және бақылауға ықпал етуде.

      - БН-350 реактор қондырғысы - бұл қолданыстан шығару жұмыстары жүргізіліп жатқан тарихи  маңызды нысан. Мұнда қазіргі уақытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

      БН-350 реакторлық қондырғысын қолданыстан шығару тұжырымдамасы үш кезеңнен тұрады:

      - сақтау үшін қауіпсіз күйге келтіру;

      - қауіпсіз сақтау;

      - ғимараттарды бөлшектеу және қалдықтарды көму.

      Қазір біз бес кезектен тұратын бірінші кезеңдеміз:

  1. Пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс 2010 жылы аяқталды. Отын түсіріліп, жинақталып, тасымалданып, ұзақ мерзімді сақтауға қойылды.
  2. Сұйық-металды жылу тасымалдағышпен жұмыс істеу. Қазірде жұмыстың бір бөлігі атқарылды: екінші контурдағы натрий қайта өңделді, бірінші контурдағы натрий тазартылды және сақтауға қойылды, әрі қарай өңдеу қажет.
  3. Сұйық радиоактивті қалдықтармен (СРҚ) жұмыс істеу. Ең басты міндетіміз - қалдықтарды инертті күйге келтіру. Соңғы жылдары қалдықтарды екі есеге жуық азайтуға мүмкіндік туды.
  4. Қатты радиоактивті қалдықтарды өңдеу (ТРО).
  5. Ғимараттар мен құрылыстарды қауіпсіз сақтауға дайындау.

      4 және 5 кезектер  2 және 3 кезектер аяқталғаннан кейін  орындалады.

    - 2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда атом энергиясын пайдалану мәселесі бойынша референдум өтті. Оның қорытындысы бойынша АЭС салу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

    Бүгінгі күнге дейін адамның ақыл-ойы атом ядросының бөлінуінен артық энергия өндірудің тұрақты, оңтайлы және салыстырмалы түрде қауіпсіз әдісін ойлап тапқан жоқ. Сондықтан менің Қазақстан үшін атом электр станциясын салу бірінші кезектегі қажеттілік деген біржақты пікірім бар. Біз АЭС құрылысын неғұрлым тез салсақ, экономикалық даму перспективасын да тезірек қамтамасыз етеміз.

    - Кәсіби жолды енді бастағандарға қандай кеңестер бере аласыз?

    Ең бастысы - таңдаған ісіңізді өзіңіз үйренуге тырысуыңыз керек. Олай дейтінім, өзіңді жақсы көретін ата-аналардың, ақылды ұстаздардың және тәжірибелі тәлімгерлердің қолдауы болса да, жеке ұмтылысыңызсыз, қызығушылық пен жеке күш-жігеріңізсіз мықты  кәсіби маман болу мүмкін емес. Тек адамның өзі оқығанда ғана  дамиды және жетістікке жетеді. Әр адам өз бақытының ұстасы.

    Қызықты әңгіме мен мағыналы жауаптарыңыз үшін рахмет. Сізге және сіздің командаңыздың маңызды қызметіне  сәттіліктер тілейміз!