07.03.2025 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Адал еңбек – абыройлы міндет: электромонтер қызметінде 21 жыл

 

       2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Көпшіліктің пікірінше, бұл экономиканың негізгі салаларында еңбек ететін қарапайым жұмысшылар еңбегінің  маңыздылығын көрсетіп, мәртебесін арттырады. ЖЭО-2 Электр цехының 7-разрядты электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері Асхат Қалыбай Жұмажанұлы жұмысшы мамандардың еңбегіне үнемі көңіл бөлу қажет екенін айтады.

       - Қазір жастардың көбі заңгер, экономист болуды қалайды. Ал қолмен жұмыс істейтіндер азайып барады. Сондықтан, бұл  жолды таңдағандарды қолдау қажет, - дейді Асхат.

       21 жыл бұрын МАЭК-те  дозиметрист болып жұмыс бастаған ол көп ұзамай ЖЭО-2-ге  электр монтері қызметіне ауысты. Содан бергі жылдарда Асхат 4-разрядты электромонтерден 7- разрядқа дейін көтеріліп, кәсіби тұрғыда тәжірибе жинақтаған бесаспап  маман болып қалыптасты. 2021 жылы Асхат Қалыбай «Комбинатқа еңбек сіңірген қызметкер» атағына ие болды.

       ЖЭО-2 Электр цехының басшысы Жылқыайдаров Ибадулла Асхаттың еңбекқор, жауапкершіліктен қорықпайтын, өзіндік пікірі бар маман екенін атап өтті. Әріптестері оны кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы үшін құрметтейді.

       Ал Асхаттың өзі әзілдеп, жұмыстағы ең сүйікті нәрсесі – жалақысы екенін айтады. Алайда, МАЭК-ті көпжылдық тұрақты қызметі үшін бағалайтынын және алдағы уақытта мамандығын өзгертуді ойламайтынын да қоса кетті. Сондай-ақ, жас мамандармен өз тәжірибесін қуана бөліседі.

       -  Мен әрқашан жас мамандардың сұрақтарына жауап беруге, өз білгенімді үйретуге дайынмын. Ең бастысы – жастардың оқуға деген құлшынысы болуы керек, - дейді ол.

       Асхат Қалыбай - өз ісіне адал болып, еңбек жолында үнемі өзін дамыта жүріп, жұмысшы мамандығында қалай табысқа жетуге болатынын көрсететін жарқын мысал.