«МАЭК» ЖШС Бас директорының корпоративтік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа орынбасары болып бұған дейін кәсіпорында Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры қызметін атқарған Ерқанат Ибадуллаев тағайындалды.
Ибадуллаев Ерқанат Жанболатұлы еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарында жоғары білім алған.
2011 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша, ал 2014 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2020 жылы Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ол еңбек жолын 2012 жылы «Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ-де жетекші маман қызметінен бастады. 2024 жылдың шілдесінен бастап Ерқанат Ибадуллаев «МАЭК» ЖШС-де Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры қызметін атқарды.
Ол өзін персоналды және бизнес-процестерді басқаруда айтарлықтай тәжірибесі бар білікті және жауапты басшы ретінде танытты. Жаңа лауазымында ол комбинат қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға және маңызды әлеуметтік мәселелерге назар аударатын болады.
Кәсіпорын басшысы Кинис Орақов Ерқанат Жанболатұлының жаңа лауазымдағы қызметін абыроймен атқаратынына сенім білдіріп, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту кәсіпорында басым міндет болып табылатынын атап өтті.