Комбинат басшылығы өз қызметкерлерінің кәсіби дамуы мен мансаптық өсуіне мүдделі. Біліктілікті арттыру және жоғары білімі жоқ қызметкерлердің жоғары білім алуы қолдауға тұрарлық құптарлық мәселе. Бұл туралы университет өкілдерімен кездесуде «МАЭК» ЖШС Басқарма төрағасы – Бас директоры Қайрат Рахимов айтты.
Энергокомбинат – еліміздің батыс өңіріндегі негізгі кәсіпорындардың бірі. Ақтау университеті облыстағы жалғыз мемлекеттік жоғары оқу орны болып саналады. Өзара ынтымақтастықты нығайту екі тарап қызметінің нәтижелілігін қамтамасыз етеді деп есептейді кездесуге қатысушылар.
– Бүгінгі таңда «МАЭК» ЖШС мен Есенов университеті арасында ынтымақтастық туралы шартты қайта жасасу мәселесі тұр. Мақсат комбинат базасында бірлескен білім беру бағдарламаларын орындау, гранттық мемлекеттік қаржыландырудың ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу, сондай-ақ, МАЭК үшін мамандар даярлауға нысаналы гранттар бөлу үшін әріптестік қатынастар мен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығу болып табылады, – деп атап өтті Yessenov University зерттеулер және даму жөніндегі вице-президенті Асқар Сейдалиев.
МАЭК-тің комбинатты одан әрі дамыту жоспарлары бар, яғни білікті кадрларға қажеттілік те бар. Бүгінгі таңда энергетикалық кәсіпорынның оқу орталығында қызметкерлерді даярлау және қайта даярлау жұмыстары жүргізілуде. Облыстың жетекші университетімен өзара іс-қимыл орталықта оқытуды жаңа деңгейге көтеруге көмектесетін болады.
– Біздің оқу орталығы практикалық біліктілігін жетілдіруге мүдделі студенттерді қабылдауға дайын. Теория мен практиканың үйлесімі жас мамандарды қысқа мерзімде тиімді дайындауға мүмкіндік береді. Біздің өндірістік базамыз басқа өңірлердің кәсіпорындары мамандарының да біліктілігін арттыру үшін шақыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қайрат Болатұлы.
Кездесу барысында болашақ кадрларды даярлауға, сондай-ақ ғылыми әлеуетті пайдалануға және арттыруға қатысты, тағы басқа да мәселелер талқыланды. Есенов университетінің өкілдері «МАЭК» ЖШС басшылығын оның қызметімен танысу үшін университетке шақырды.