Кәсіпорында Энергетиктер апталығы одан әрі жалғасуда. Комбинаттағы «Quatty Аrular» клубының ұйымдастыруымен «Энергетикадағы әйелдер» ток-шоуы болып өтті. Шараның басты кейіпкерлері ұжымда ұзақ жылдар қызмет жасаған ДӨжӨЖСЖЗ лаборатория басшысы Бахытгүл Әбдікәрімова, ЖЭО-1 бюро басшысы Нұрзила Сакипова, Кеңсе аудармашысы Маржан Есентұрлиева, ЖЭО-2 химиялық цехының басшысы Гүлмира Баймұханова болды.
Ток-шоу сахнасын ашқан Бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары - Басқарма мүшесі Айзада Аккайсиева әйелдер клубы ұйымдастырып отырған бұл шараның маңыздылығын және қонақтардың еңбек және өмір жолы басқа қыз-келіншектерге үлгі болатынын атап өтті. «Кейде біз нағыз батырлардың өзімізбен бірге қызмет етіп жүргенін білмей, оларды басқа жақтан, алыстан іздеп жатамыз. Бүгінгі кездесудің қонақтары да комбинатта көп жылдар еңбек еткен және өздеріңіз күнде көріп жүрген жандар. Олардың өнегелі өмір жолы туралы тыңдау бәрімізге қызықты деп ойлаймын», – деді ол.
Ток-шоу жүргізушілері Пайдалану және жөндеу департаментінің бөлім басшысы Татьяна Лавриненко және Жоспарлау департаментінің жетекші экономисі, «Quatty Аrular» клубының төрағасы Гүлмира Төлегенова кездесу қонақтарын құрметпен ортаға шақырды.
Төрден орын алған әріптестеріміздің қай-қайсысы да мақтауға тұрарлық, өз білімдері мен күшін халық игілігіне арнаған, жастарға айтары көп, тәжірибелі мамандар. Олар өздерінің комбинатқа келген алғашқы жылдары, қатардағы қызметкерден басшылыққа дейін көтерілген қызметтік сатылары туралы әңгімелеп, ұжымдастары мен сүйікті комбинатына деген ыстық лебіздерін жеткізді. Жүргізушілердің қойған сұрақтарына берген әсерлі әрі қызықты жауаптарын да көпшілік ықыласпен тыңдады.
Бас директордың корпоративтік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мұхит Балхожаев кездесу қонақтарына кәсіпорын басшылығы атынан алғыс білдіріп, арнайы сыйлықтар табыстады.
Әсерлі өткен ток-шоудың соңы кәсіпорын қыз-келіншектері дайындаған көңілді концертке ұласты.