Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов «МАЭК» ЖШС-де болып, комбинаттың қызметімен және жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
«МАЭК» ЖШС Бас директорының м.а. Мұрат Иғалиев кәсіпорынның бүгінгі жағдайы және оны одан әрі жаңғырту жоспарлары туралы баяндады. Өндірістік жабдықтарды күрделі жөндеу және жаңғырту бойынша Энергетика министрлігінің келісімімен Жол картасы бекітілді. Атап айтқанда, ЖЭС - те 2024 жылы №3 энергия блогын ішінара жаңғыртып, кешенді күрделі жөндеу, 2025 жылы №2, ал 2026 жылы №1 энергия блоктарын жаңғырту жоспарланған. Осы жұмыстар іске асырылған соң, яғни екі жылдан кейін электр энергиясын өндіру 130 МВт-қа дейін ұлғайтылады деп жоспарлануда.
Кездесу барысында су алу арналарын тереңдету және олардың деңгейін тез қалпына келтіру мәселесіне де назар аударылды. Қазіргі уақытта «МАЭК» ЖШС соңғы жылдары Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі нәтижесінде пайда болған құмды-лай шөгінділерінен канал түбін тазарту жұмыстарын жүргізуде. Жақын арада осындай жұмыстар екінші су арнасында да басталады.
Асхат Хасенов Жылу электр станциясында болып, қолға алынған жөндеу жұмыстарының барысымен, жабдықтардың бүгінгі жай-күйімен танысты.